Олжас Бектенов батыс өңірлерде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылыс жұмыстарын тексеруде

0
125

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен еліміздің батысына барды. Басты мақсат – Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексеру. 

Жұмыс кестесінен артта қалу байқалған Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауылдары мен кенттеріне баса назар аударылады (биылғы 17 шілдедегі Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөніндегі кеңес).

Батыс Қазақстан облысында Үкімет басшысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылында, Деркөл кентінде және Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында болды, мұнда жалпы саны 400-ге жуық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.

Тексеру барысында алдағы суық мезгілді ескере отырып, жұмыс қарқыны мен тұрғын үй инфрақұрылымының қоныстануға дайындығын қамтамасыз ету мерзімдері бағаланды.

Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс биылғы мамыр айында басталған болатын. Бүгінде іргетасын құю жұмысы толығымен аяқталды, 43 үйдің қабырғасы тұрғызылып жатыр,  62 үйдің шатыры жабылуда. Нысандарға 8 мердігер ұйым, шамамен 330 адам және 56 техника жұмылдырылған. Тамыз айының ортасында пайдалануға беру көзделген.

Деркөл кентінде 103 тұрғын үй жаңа учаскелерде салынып жатыр. Қазіргі уақытта іргетас құю жұмыстары толығымен аяқталды, 24 нысанда ішкі әрлеу жүргізіліп жатыр. Оған 5 мердігер ұйым жұмылдырылды. Жұмыс биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.

Орал қаласының «Жұлдыз» ықшамауданында 191 нысан жаңа жерде салынып жатыр. Тұрғын үйлерді уақытылы тапсыру үшін 17 мердігер мекеме жұмысқа тартылды. Бүгінгі таңда барлық үйдің іргетасы құйылған, 178 үйдің қабырғасы қалануда, 49 нысанның шатыры жабылып жатыр.

Премьер-Министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жаңа баспанамен уақытылы қамтамасыз ету үшін жұмыс барысын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.

«Өңір қажетті қарқын алуы керек. Сапалы, қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті – Үкіметтің негізгі басымдығы. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейту қажет. Облыста баспаналарын күтіп, уақытша жерлерде тұрып жатқан отбасылар қатары көп. Құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кестесіне көшу қажет. Толық жұмылдыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берілді. Салынып жатқан аудандарда ілеспе инфрақұрылым мен абаттандыруды алдын ала қарастыру қажет.

Жаңа тұрғын аудандардың жанында 1 500 орынға арналған «Жайлы мектептердің» құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар биылғы күзде аяқталады.

Анықтама: Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастыруда. 70 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. Зардап шеккен аймақтарда тұрғын үйлердің 100%-ы тексерілді.

Жалпы сомасы 44,2 млрд теңгеге 7 823 отбасы баспанасын жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. 3 987 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтерлерге қоныстанды. 2 578 үй салынып жатыр. 34 023 отбасы 12,5 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. 20 913 отбасына жалпы сомасы 9,5 млрд теңгеге 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін қосымша өтемақы төленді.

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 1,5 млрд теңгеге 252 өтінімі қаралып, мақұлданды.

Фото интернеттен алынды.