Пара бермек болған имам жұмысынан босатылды

0
133

Қызылордада 1 миллион теңге көлемінде пара бермек болған “Ыбырай молда” мешітінің имамы Талғат Нұрман жұмысынан босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚМДБ-ның бұйрығымен қызметінен кетті.

“Сот оны сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін кінәлі деп танып, ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына байланысты жұмыстан кетті. Нұрманның ҚМДБ жүйесінен босатылғаннан кейінгі жұмыс орны мен қызметі туралы нақты ақпарат жоқ», – деп жауап берді ҚМДБ Nege.Asha агенттігіне.

Еске салайық, тамыз айында мешіттің бұрынғы имамы Талғат Нұрман мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Серік Әбілқайыров жемқорлық үшін сотталған еді.

Әбілқайыров туысының сенімін пайдаланып, имамға деструктивті діни ағымдармен байланысы бар деген күдікпен тексеріс жүргізілейін деп жатқанын айтқан.

Ал күдіктің туындауына имамның екі әйелмен тұруы себеп болғанын жеткізген. Бұл оның кіріс көздеріне қатысты сұрақтар туындатқан.

Мүмкін болатын зардаптардан қорыққан Талғат Нұрман 2 миллион теңге беру туралы талапқа келісіп, 1 миллион теңге несие алып, ақшаны Әбілқайыровқа ұстатқан. Алайда кейін алдаудың құрбаны болғанын түсінген соң құқық қорғау органдарына жүгінген. Осыдан кейін Әбілқайыров ақшаны қайтарып берген.

Шын мәнінде имамға қатысты ешқандай тексеріс жоспарланбағаны және Әбілқайыровтың жеке мүдделерін көздегені анықталды. Сот оны алаяқтық жасағаны үшін 20 миллион теңге айыппұлмен жазалады.

Нұрманға қатысты пара беру әрекеті үшін кінә тағылып, бірақ ол өз еркімен құқық қорғау органдарына жүгініп, кінәсін мойындағандықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.