Премьер-министр түрлі салалардағы негізгі көрсеткіштерді мәлім етті
Бүгін былтырғы жылдың қорытындысына арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысы Премьер-министр Олжас Бектенов статистикалық өсу көрсеткіштерінің нақты нәтижелерін баяндады.
— 29 ірі зауыт салынды. Олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю, Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу, Қарағанды облысында катодты мыс, автомобиль шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындарды атап көрсетуге болады. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оған моноқалалар санатынан шығуға мүмкіндік берді, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, былтыр 26 млн тоннадан астам астық, 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жиналды, 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді.
— Алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Жүк тасымалының көлемі өткен жылы 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау 2,7 есеге ұлғайды. Құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2 мың 800 шақырым теміржол қамтылды. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында үш жаңа терминал пайдалануға берілді, — деді Үкімет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталықтан берілетін су жүйесіне қосылды. 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді.
Бұдан бөлек, жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.
— Егіншілер суармалы сумен толық көлемде қамтамасыз етілді. Арал теңізіне 2 млрд 600 млн. текше метр су жіберілді. Бұл орташа жылдық көрсеткіштен едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есеге артып, 470 мың гектарға дейін жеткізілді, — деді О. Бектенов.
Мұнымен қоса, инвестициялық штабта жалпы құны 50 млрд доллар болатын 115 жоба бойынша проблемалық мәселелер тез арада шешімін тапты.
— Айта кету керек, Инвестициялық штаб істің мүддесін назарға алып, бюрократиялық мәселелерге қарамастан, елге қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдерді қабылдауда. Әрі қарай ол іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты проблемалық кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі таңда 97 түзету бойынша осындай жұмыс жүріп жатыр, — деді ол.