«Президент экономика туралы ашық айтты» дейді экономист Ғалымжан Айтқазин
«Президенттің бұрынғы кезге қарағанда экономика туралы айтқаны тура, ашық әрі және шынайы шыққан». Экономист Ғалымжан Айтқазин Мемлекет басшысының «Ана тілі» басылымында жарық көрген мақаласындағы экономикалық тұстарына қатысты осылай деп пікір білдіреді, деп жазады Dalanews.kz.
Ол Президент өз мақаласында барлық экономикалық агенттер үшін маңызды болып табылатын негізгі тезистердің бәрін қамтыған деп санайды.
«Біріншіден, экономиканы дамыту жөніндегі барлық реформалар мен шаралардың түпкі мақсаты азаматтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру болып қала бермек. Бұл Үкіметтің басым міндеті және енді жұмысты бағалау азаматтардың әл-ауқатының көрсеткіші арқылы жүргізілетін болады. Шынында да, өткен жылы мемлекет шығындардың әлеуметтік сипатын нығайтуды жалғастырумен болды. Екінші жағынан, үкімет теміржол және автомобиль жолдары сынды инфрақұрылымдарды жаңартуға және салуға рекордтық көлемде қаражат бөлді және бұл, әрине, өте дұрыс шешім, өйткені ол азаматтар үшін де, бизнесті дамыту үшін де базалық жағдай тудырады» деп жазады Tengenomika Telegram арнасының авторы.
Екіншіден, ол экономиканың дамуына қуатты серпін беретін ірі инфрақұрылымдық нысандарды салу үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалану қажеттілігі туралы Президент айтқанын толықтай қолдайтынын айтады.
«Бұл Ұлттық қор қаражатын «мақсатсыз» пайдалануға жол берілмейтінін білдіреді. Мысалы, соңғы екі жылда нысаналы трансферттер де, ҚМГ және Қазатомөнеркәсіп арқылы қордан ақша алу кезі де Ұлттық қорды ел экономикасына серпін беретін ірі инфрақұрылымдық жобалар үшін пайдалану қажеттігі туралы тұжырымдамасына сай болмады», — дейді ол.
Үшіншіден, Президент үкіметтің жұмысын объективті және нақты нәтижелер бойынша бағалайтынын анық айтты.
«Егер экономикалық жетістіктер адамдардың өмір сүру деңгейіне оң әсер етпесе, онда олар тек виртуалды шындыққа ғана ие. Сондықтан, бюджеттің кіріс бөлігіне сапалы өсімсіз әлеуметтік міндеттемелерді жай ғана ұлғайту мақсатында қол салуға, фискалдық және экономикалық тұрақтылыққа селкеу түсіруге, ұлттық қор қаражатын мақсатсыз пайдалануға енді жол берілмейді», — дейді маман.
Сондай-ақ өз сұқбатында Президент экономист басшылардың жұмысын сыни тұрғыдан бағалады.Мемлекет басшысы қазір өңірлердегі жағдайды және нақты экономика тетіктерін жақсы білетін мамандар қажет екенін баса атап өтті.
«Бұл ретте, өз тарапымнан экономисттің құндылығы іс жүзінде шектеулі ресурстарды барынша тиімді пайдалануда экономикалық жүйе мен жағдайлар құра алатындығында екенін баса атап өткім келеді», — дейді Айтқазин.