«Самұрық-Қазына» қоры қайырымдылық шығыстарын 40%-ға арттырды

0
186
«Самұрық-Қазына» қоры қайырымдылық шығыстарын 40%-ға арттырды

«Самұрық-Қазына» қоры қазақстандықтарға Қор тобының барлық компаниялары атынан көмектесетін Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық қорын қаржыландыру мөлшерін ұлғайтты. Бұл туралы бүгінгі баспасөз брифингінде Қордың Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов әңгімелеп берді.

Бюджеттердің ашықтығы

Samruk-Kazyna Trust бюджеті 2021 жылы шамамен 7 млрд теңгені, биыл — 10 млрд. теңгені құрады. Қазір таңда 370 мың қазақстандыққа, оның ішінде 48 мың балаға көмек көрсету үшін 44 қайырымдылық жобасы іске асырылуда.

Қор қоғамға айқындық пен ашықтық қағидаттарын ұстанады: жақында оның ресми сайты жаңартылды, онда кез келген коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) бір түймені басу арқылы қаржыландыруға өтініш бере алады. Сонымен қатар, сайтта барлық мақұлданған жобалар туралы, олардың орындаушылары, қаржыландырылуы және мерзімі туралы толық ақпарат берілген мәліметтер орналастырылған.

Балалар мен өңірлерді қолдау

Қайырымдылық бастамаларын таңдау кезінде Қор Қазақстан өңірлеріндегі балалар мен жобаларды қолдауға басымдық береді. Мысалы, қордың қаражатына бүкіл елдегі перзентханаларға нәрестелерді құтқару үшін гипотермия аппараттары орнатылады. Олар Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларына жеткізіліп, 1,5 жыл ішінде 22 баланың өмірін сақтап қалды.

Өңірлерді қолдауға арналған биылғы жылдың тағы бір маңызды жобасы — «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарын іске қосу. Олардың әрқайсысында аса сұранысқа ие мамандықтарда жоғары дәрежелі дәрігерлер жұмыс істейді. Жарты жыл бойы олар бүкіл Қазақстан бойынша шалғайдағы станцияларға барып, жергілікті тұрғындарды тегін қабылдайды. Азаматтар тек тексеруден, ультрадыбыстық, ЭКГ-дан өтіп қана қоймай, сонымен қатар талдаулардан өтіп, қажетті ем-домдарды да алады. 4 айда медициналық пойыздардың дәрігерлері 62 мыңнан астам қазақстандықты қабылдады.