“Шарбақтар “фейримен” жуылып, жол төселді” деген заңгер Президентке үндеу жасады

0
366

Әлеуметтік желідегі парақшасында заңгер Айгүл Орынбек Президент Тоқаевқа үндеу жасап, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

“Шырайлы Шымкентке қош келіп, кеттіңіз!

Шымкент жұрты өзіңізге дән риза. Осындай сапарларыңыз жиі болғай!

Сіздің келуіңізге байланысты әкіміміз үш күн ішінде жүретін жолдарыңызды қырып, қайта төсеп үлгерді.

Шарбақтарымыз фейриге жуылып, шұрық-тесік көшелер әп-сәтте жаңарды. Мұны көрген қала тұрғындары әкімнің жұмыс істей алатынына куә болып, Өзіңізге алғыстарын білдіруде.

Бұған дейін қоқысқа толы, шаң басқан, тесігі бітпейтін көшелерге етіміз де, бетіміз де үйреніп кеткен еді.

Шынымды айтсам, бұған дейін Шымкентке Астанадан келген сайын үлкен бір ауылға келгендей күйде болатынмын. Ал бүгін — шынымен де мегаполиске лайық келбет көрінді!

Әкіміміз Ғабиттің әрекеті маған үйге қонақ келе жатқанда, залдың есігін ашып, төрге қалың көрпе төсеп, барлық тәттілерін алға шығарып, барын салып күтетін пысықай жеңгелерімді еске түсірді.

Құрметті Президент, Сізге Шымкенттің әдемі тұстарын көрсете алды ма?

Себебі бұл әкім келгеннен бері қалада жаңа әлеуметтік нысандар бой кетерген жоқ.

Тек кәсіпкерлерге қысым арқылы салдырылған аллеялар — мақтаныш етіп көрсететін дүние емес.

Мемлекет меншігіне алынған Технопарк, Кенбаба саябағына апарады деп ойлаған едім. Немесе Еуропа банкіне қарызы бар «Су ресурстары – Маркетинг» мекемесін жетістік ретінде көрсететін шығар деп күттім.

Алайда, өкінішке қарай, алдыңғы әкімдердің жасап кеткен, бұрыннан ашылған нысандарды тағы да көрсетіпті. Жөндеуден өткен вокзал — Сіз арнайы барып көруге тиіс жер емес еді…

Шырайлы Шым қаладағы халық арасындағы Өзіңіздің көзіңізбен құлағыңыз, алдыңызға арнайы барып сәлем бермеді демеңіз, әзірге жергілікті әкімдіктің деңгейі осындай!

Оңтүстік мәдениет мекені! Бұрыннан зиялы қауым арасында жиі көтеріліп жүрген Мәдениет институтын қайта жандандыру мәселесін қолдағаныңыз үшін рақмет!

Бұл болашақта мегаполисіміздің мәдени дамуына серпін береді!

Ең бастысы, бүгін шымкенттіктердің Сізге деген алғысы зор!” деп жазды Айгүл ОРЫНБЕК.

Фото көрнекілік үшін.