Шешенсіген курьер нервімді ойнатты, жынданып кете жаздадым

0
2689

“Бәріміз қазақпыз ғой, өмір болғасын реніштер болып тұрады”-деп шешенсіген курьер нервімді ойнатты. Магнумде жұмыс істеп жатырмын, жұмыс берушіге шағымым жоқ дегенін естігенде тіпті жынданып кете жаздадым.

Бір аптадан бері қалқан болған қара орман қазағы мен “қазақ тілі” үшін қырық пышақ болған жұртты бір сәтте “жұмыс берушісіне” жығып бере салды. Түсінікті тілмен айтқанда бізді “плотно” лақтырды.

Курьер-деген көтің жабысқанша отыратын жоғары лауазымды, жұмсақ креслолы жайлы қызмет емес. 2-3 миллион айлық, тоқсан сайын премия, жыл соңында бонус беретін Самұрық-Қазынаның топменедженті де емессің.

Ендеше неге басыңды салбыратып соларға қайта бардың, бауырым? Магнумнен қуып жіберсе Glovo, Wolt дегендерге-ақ кіріп алуға болады ғой. 200-300 мың теңге жалақыны таксовать етсең де табуға болады.

Еңсеңді биік ұстап, “мен қазақ тілін құрметтемейтін жерде жұмыс істегім келмейді, ай сайын миллион төлесеңдер де табалдырығыңды енді аттап баспаймын”-деп “гордо” кеткеніңде, абыройың айға ұшар еді. Алайда, “қазақша сөйле” деген патриоттық сезімің бір аптаға жетпей тарқап кеткен сыңайлы.

Әрине, қазақ пен қазақты жауластырып қойып, қызық көріп отырайын деген ниетім жоқ. Татуласқандары дұрыс. “Ер шекіспей-бекіспейді” – дейді.

Бірақ саған жақтас болып, сені қолдаған қазағыңды, айлығыңды 5-10 теңгеге көбейтіп берген (бәлкім, көбейтпеген де шығар) бастықтарыңның алдында ұятқа қалдырдың. Дамбалымыз жыртылғанша далақтай беретін өзімізге де обал жоқ, кейде!!!

Диас НҰРАҚЫН, журналист.

Фото көрнекілік үшін.