СПИД жұқтырған әйелі 6 баламен күйеуін тастап кеткен
Алты баланың әкесі Саят есімді жалғызбасты әке «Qazaq Airan» каналына берген сұхбатында әйелі балаларын тастап кеткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазіргі таңда балалардың жәрдемақысын да аналары алады екен. Ал Саяттың бір қолы иығынан кесілген. Бастапқыда ол базарда жұмыс істеп, нәпақа тапқан.
Қазір балаларының қасында отырғанын айтты. Айтуынша, қазіргі үйінде коммуналдық төлемін жауып, тұрып жатқанын айтты.
«Алты баланың жәрдемақысын 1,5 жылдай алмай жүрміз. Аналары алып жүр. Маған мүгедектік бойынша жәрдемақы түседі. Оның да жартысы әйеліме түседі. Балаларды мен бағамын, бірақ ол алимент алады. Алдында барып сұрағанда, «солай бола береді» дейді. Бірақ мені сотқа да шақырмайды, құжат та бермейді. Ал қазір алатыным — 35 мың теңге. «Береке» базарында жалдамалы жұмысқа шығып тұрамын», — деді Саят.
Сондай-ақ ол «Асаруме» қоры халықтан ақша жинап, қаражаттың бір бөлігіне ғана үй алып бергенін айтып өтті.
«Асаруме» деген қор бізге үй алып берген. Халықтан ақша жинады. Жалпы сомасы 16 млн теңге жиналды. Соның 7 млн-на бізге үй алып берді. Сөйтіп біз Қосөзен жақта тұрдық. Жақын жерден мұндай бағаға үй таппадық. Сол үйге көшкеннен кейін қаңғыруды (ред. — әйелі) бастады. Сол үйде тұрып жаттық. Жиі кетіп қалады, қаңғырады. Газбен жылыту құбыры жоқ. Тұрғым келмейді, дегенді шығарды. Содан келісіп, үйді айына 100 мың теңгеге бөліп төлеуге бердік. Айына алатын ақшасын өзі жаратып жүрді. Дүкеннен көргенін ала беретін. Сонымен қарызға баттық. Үйдің ақшасын соған бердік. Қазір де арасында келіп тұрады. Бірақ қалаған уақытында кетіп қалады. Кейін солай жүріп, АИВ/ЖИТС жұқтырғанын білдік. Бізде де келіп қан алып тексерді. Біз барлығымыз таза болып шықтық», — дейді жалғызбасты әке.
Ал «Асаруме» қоры жиналған қаражатты барлық отбасыға теңдей бөлетінін жеткізді. Бұл құрылған жылдан бастап енгізілген ереже екен.
«Қанша қаражат жиналса да, ол бірнеше отбасына бөлінеді. Біздің тізімде мұқтаж жандар өте көп, қаражатты бір емес, бірнеше отбасыға барынша көмектесу үшін бағыттаймыз», — деп жазған қор.