Су тасқынына байланысты өтемақы төленбей ме?

0
112

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кеше су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлейтіні туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомство хабарлауынша, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлейтіні туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Белгісіз тұлғалар төлемдерді алу үшін «Толығырақ» батырмасын басуды немесе сілтемеге өтуді ұсынады.

“Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға жергілікті атқарушы органдар біржолғы төлем түрінде көмек көрсетеді. Олардың мөлшері әр өңірде келтірілген материалдық залалды есептеу үшін құрылған арнайы комиссия шешімі бойынша жеке-жеке белгіленеді”, – делінген хабарламада.

Еңбек министрлігі хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтардың азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін екенін ескертті.

“Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін ешбір жағдайда сілтемеге өтпеуге кеңес береміз. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз”, – деп атап өтті министрлік.

Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз.

Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҚО-да тасқынға байланысты жедел штабтың отырысында үкіметке жаңа типтегі үйлер салу не бұрынғы үйлерді жөндеуді тапсырды.

Ал өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан үйлерi зақымданған қазақстандықтарға көмек көрсету үшiн мемлекет бюджетінен 22 миллион теңгеден бөлінетінін айтты.

Фото ашық дереккөзден алынды.