Тағы бір діншіл блогер жұрттың ашуын оятты
«Әйел табысын күйеуінің рұқсатынсыз жарата алмайды» деген блогер Жанәділ Райымбеков көптің ашуын туғызды, деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы Azattyq Rýhy.-на сілтеме жасап.
Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында әйел адамның күйеуінің рұқсатынсыз жүріп-тұруын сынға алады.
«Әйелін қызғанатын, оған былай киінгенің дұрыс деп талап ететін, әйелінің қайда жүргенін білгісі келетін еркекті абьюзер деп санайтын адам – Алланың дінінде және Алланың кемшілігі бар деп есептейтін адам. Мұндай адам өте үлкен күнә арқалайды. Себебі ол – шариғаттың талабы. Әйел күйеуінің рұқсатынсыз үйінен шыға алмайды. Әйел күйеуінің рұқсатынсыз үйінен шығып кетсе, үйіне қайта оралғанша періштелердің қарғысында болады. Тіпті, әйел адам өзі тапқан дүниені күйеуінің рұқсатынсыз жарата алмайды», — дейді блогер.
Оның бұл сөздері желідегілердің ашуын туғызды.
«Менің ойымша еркектің бұдан да басқа бұл өмірде миссиясы бар! Тек ер мен әйелдің тақырыбын қайта-қайта қозғап былайынша айтқанда шешесінің кіндігінен ажырамаған «не до мужиктерге» мұндай тақырыпты қозғаудың өзі қате, себебі ондайлар бұл айтылған затты өзінің ыңғайына бұрмалап алады. Сауаты бар еркек бұл тақырыпқа өзінің артық энергиясын, уақытын құртады деп ойламаймын!», «Басқа елдің еркектері тесла, космос зерттеп, машина шығарып, елін алдыңгы қатардағы дамыған мемлекеттер қатарынан шығарып жатқанда, біздің қазақтар сақал өсіріп прямой эфирде осылай әйелдермен алысады, қандай керемет», «Сізге әйелден басқа тема қалмадыма!? Неге педофилдер осылай жасаса осылай тозақ, алқаштар ішсе ішкеніне лағнет, құрттай қыздарды зорлау күнә деп басқа да проблемалардың күнәсін айтпасқа!? Сонда елде ессіз, мисыз еркектер азаяр еді. Отбасы туралы айтқыңыз келсе көркем түрде жеткізіңіз, дінді ауырлатпаңыз. Сосын әйел еркектің табысын рұқсатпен, ақылдасып жаратуы керек оған келісемін, бірақ өзі табыс бапса, оның есебін бермесе де, қанша жаратса да өзі біледі, себебі ол – өзінікі», «Өз отбасыңызға жауап беріңіз,өз әйеліңізден жауап алыңыз.Сен айтты екен деп бәрі өзгермейді. Әркімнің басы бар. Сенің ақылың керек емес. Абюзер еркектің қылығы және сөйлеген сөзіңіз арқылы сізден байқалып тұрған сияқты» деген пікірлер жазылған.
Айта кетейік, Жанәділ Райымбеков бұған дейін отандық подкасттардың бірінде жыныстық инфекциялар тек әйелдер арқылы ғана жұғады дегені үшін де сынның астында қалған болатын.
Фото интернеттен алынды.