Таксишілерге тықыр таянды

0
145

Елімізде такси жүргізушілері жүргеніне 15 жылдан асқан көліктермен жолаушы тасымалдай алмауы мүмкін.

Сондай-ақ такси жүргізушілері көлігіне арнайы белгі қоюы керек, жүргізуші картасы болуы шарт. Қазақстан стандарттау және метрология институты дайындаған жаңа заң жобасы қазір қоғамдық талқылауда. Алайда жүргізушілер жаңа талапқа қарсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда такси қызметін жүйелеу мақсатында жаңа заң жобасы әзірленді. Құжатқа сәйкес енді жүргізушілер шыққанына 15 жылдан асқан көлікпен жолаушы тасымалдай алмауы мүмкін. Тіпті, осы кәсіппен нәпақа тапқыңыз келсе машинаңыздың жүріп өткен қашықтығы 500 шақырымнан аспауы тиіс. Жаңашылдық мемлекеттік стандарт жобасы аясында жүзеге асырылған.

«Заң жобасында такси қызметін ұйымдастыруды өзін-өзі реттеуге көшіру көзделеді. Ал бұл такси тасымалдаушыларының, таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің және таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшаларының жұмыс принципін өзгертуге, сондай-ақ такси тасымалдаушыларының өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болуына алып келеді», – деп мәлімдеді Қазақстан стандарттау және метрология институтының баспасөз қызметі

Оған қоса такси көлігінің төбесіне арнайы белгі қоюға міндетті болады. Жүргізушінің фотосы мен жеке мәліметтері жазылған картасы салонда ілініп тұруы қажет. Ал такси қызметі арқылы нәпақа тауып, отбасын асырап жүрген азаматтар да, жолаушы ретінде көлікке отыратын тұрғындар да жаңашылдыққа қарсы.

Заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мәселен Еуропада такси жүргізушілері арнайы киім үлгісін киеді. Әр жүріп өткен шақырымыңыз бен уақытыңыз есептеліп, жолаушы соған сай ақы төлейді.

Фото ашық дереккөзден алынды.