Тбилисиде жұрт жаппай наразылыққа шықты

0
128

Дүйсенбі күні, 28 қазанда кешке Тбилисидегі парламент ғимараты алдында грузин оппозициясы парламент сайлауы нәтижелерімен келіспей, жаппай наразылыққа шықты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.

«Бірлік — Жалпыұлттық қозғалыс» оппозициялық партиясы жетекшілерінің бірі Георгий Вашадзе сайлауды қайтадан өткізуді талап етті.

«Біздің талабымыз мынадай: парламент сайлауын қайтадан өткізуді талап етеміз», — деді Вашадзе.

Ал басқа оппозиция жетекшілері «жаңа сайлау халықаралық басқару жағдайында өтуі керек» деді.

Бұған дейін сайлау қорытындысы бойынша парламенттен орын алған оппозициялық «Бірлік — Ұлттық қозғалыс», «Өзгеріс үшін коалиция» және «Күшті Грузия» партиялары депутаттық мандаттарынан бас тартқанын мәлімдеген еді.

Халық жаппай парламентке ағылып жатыр, олардың кейбіреулері ЕО және Грузияның туын көтеріп жүр. Руставели даңғылындағы көлік қозғалысы жабылды. Көпшіліктің арасында Украина туын да ұстағандар бар. Грузин полициясы топ болып парламент алдындағы адам көптеп жиналып жатқан аумаққа жақын жерде тұрып, жағдайды бақылап тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, парламент ғимаратына арнайы жасақ жұмылдырылған.

Митингіге Грузия президенті Саломе Зурабишвили де қатысты. Ол сайлау нәтижелерін мойындаудан бас тартып, негізгі оппозициялық партияларды біріктіру туралы бастама көтерді.

Президент дауыс берудің бұрмаланғанын тағы да мәлімдеді. Сонымен бірге ол бүгін сайлау нәтижесін мойындамауға уәде берген Батыс өкілдерімен сөйлескенін айтты.

«Осында жүргендер — сіздер сайлауда жеңілген жоқсыздар. Дауыстарыңыз ұрланды және олар болашақтарыңызды ұрламақ болды, бірақ бұған ешкімнің құқығы жоқ», — деді Зурабишвили митингіде сөйлеген сөзінде.