Телефонға жауап бермейді: әнші Қайратқа іздеу салынды

«Қазақстан авторлық қоғамы» РҚБ-ның бас директоры Айнұр Есендікова Orda.kz тілшісіне берген мәліметінде 400-ден астам автор мен орындаушы, соның ішінде еліміздегі танымал жұлдыздар, өз музыкаларын пайдаланғаны үшін қаламақыларын әлі күнге дейін ала алмай жүргенін айтты. Бұған басты себеп — кері байланыстың жоқтығы.
«Авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңға сәйкес, біз авторлар мен құқық иелерін іздеп табуға міндеттіміз. Осы мақсатта біздің сайтта ресми тізім жарияланған — бұл заң талабы», — деді Есендікова брифингте.
Оның айтуынша, ұйым қызметкерлері авторлармен және орындаушылармен хабарласуға болатын бар мүмкіндікті пайдаланып, қоңырау шалуға тырысқан. Алайда, үнемі кері байланыс болмай тұр.
«Біз мессенджерлер, Instagram, Telegram, WhatsApp арқылы жазамыз, қоңырау шаламыз. Олар бізді алаяқ деп ойлап, хабарламаларымызға жауап бермей жатады. Сондықтан барлық құқық иелеріне мынаны айтқым келеді. Егер бізден хабарлама алсаңыздар — міндетті түрде жауап беріңіздер. Біз шын мәнінде сіздерге тиесілі қаражатты бергіміз келеді», — деді Есендікова.
Бұған дейін қоғамдастық жарияланған тізімде кейбір танымал орындаушылардың аты-жөні кездесетінін, олардың байланыс деректері ашық қолжетімді бола тұра, «іздеуде» жүргенін сынаған еді.
2024 жылы жарияланған тізімде 421 автор мен орындаушы бар. Олардың арасында Димаш Құдайберген, Әли Оқапов, Иманбек, Қайрат Нұртас, Raim & Artur, Rin’Go, Sadraddin, Say Mo, Son Pascal, M’Dee, V$XV PRiNCE, Ғалымжан Молданазар және басқа да жұлдыздар бар. Тізімге шетелдік орындаушылар да енген.
Фото көрнекілік үшін.