Тілімізді сақтап қалу — өз қолымызда

0
18

Кеше екінші сынып оқитын жиенімді мектептен алып, автобусқа отырдық. Кіре берісте орыс келіншек тұр екен. Шамасы қазақша түсінетін сияқты. Жиенім маған мектепте не болғанын айтып жатыр жалпылдап, арасында суббота күні демаламыз апа деп.

Мен орысша қосып сөйлеме, субботаны қазақша қалай айтады деп сұрап жатырмын. Ол ойланып ммм… Сенбі деп жауап беріп отыр.

Тағы әңгіме арасында орысшалары кетіп қалады, мен даусымды қатайтып орысша сөз қоспай сөйле, тек қазақша сөйле деп жатсам, ана орыс әйел мені жеп қоя жаздап көзімен атып тұрды.

Түрін көрсеңіз ғой сол кездегі, маған бірдеңе десе мен де оғымды дайындап тұрдым. Автобустан түскенше үндей алмай жайында қалды.

Бұл жерде айтпағым, өзіміз баланы кішкентайынан орысша араластырмай таза сөйлеп үйретуіміз керек. Байқайсыз ба, қазіргі кішкентайлар орысша, ағылшынша қосып сөйлейтін болыпты.

Қолдарынан смартфон түспейді, көретіндері орысша, ағылшынша мульфильмдер, т.б. Көрген, естігендерін бір-біріне қай тілде жеткізіп жататынын өздері ғана түсінеді.

Қазақ балабақшасына баратын балалар аралас тілде сөйлейді? Неге?

Билігіміздің түрі анау, орыс тілін дамытамыз деп. Олардан еш үміт жоқ, тек қазақшаны дамыту ол сіз бен біздің ғана қолымызда. Біз қазақшамызды кез келген жерде мақтанышпен сөйлеп, кеудемізді көтеріп жүруіміз керек.

Таза сөйле, таза жаз. Орысша «жаргон» қоспай, барлық орыстанып кеткен сөздерді қазақтың көркем баламаларымен алмастырып сөйлеуге тырыс. Желіде болсын, басқа жерде болсын өз тіліңді жерге таптатпай қазақтың төл әріптерімен қатесіз жаз.

Есіңде болсын, уақыт сынағынан дәстүр де, діл де, тарих та, тіпті қан да аман есен өте алмайды. Одан аман өтетін тек тіл ғана. Егер сен оны қаласаң, әрине

Жанна ЕСЕНАЛЫ, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.