Түнгі эфирдегі мұсылмандардың тартысы — қоғамға төнген қауіп емес пе?

0
390

Түнгі сағат 01-00-ден асқанда қазақстандық ТикТокта қызу пікірталас басталады. Тақырыбы не деп ойлайсыз?

Ел экономикасы? Саясат? Қоғамдық мәселе ме? Жоқ! Өкінішке қарай, Қазақстанда түн ауғанда мұсылмандар өзара талас-тартысқа толы пікірталасты ТикТокта жүргізеді.

Ислам дінінің өкілдері өзара ақидасы мен мәзхабы туралы сұмдық айтысып, тартысады. Діні — бір. Сенімі — бір. Алайда «менің ақидам дұрыс» дегенді дәлелдеу үшін ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шыққандар өздерінің Ханафи мәзхабынан екенін немесе салафит екенін ашық айтады.

«Дініміз бір — мұсылманбыз. Осындай талас-тартыстың қажеті қанша?» деген сұрақ қойған Айдос атты жігітті салафит ағымының өкілі ауыз аштырмады. «БАҚ жазған ақпаратты тықпалама. БАҚ — ешқашан дұрыс ақпарат жазбайды, сенбе оған» деп едіреңдеген салафит ағымының өкілі тікелей эфирде бет-жүзін көрсетпейді.

«Ханафит мәзхабындағылар, сендердің Тәңіршілерден айырмашылықтарың жоқ» деген «ғұлама» салафиттің екі сөзінің бірі арабша. «Аллаһтың кәләмі», «матуриди», «ақида», «Мұса пайғамбар» деген түрлі мәселе туралы талас-тартыс бірнеше сағатқа созылады.

Түнгі ТикТоктың 70-80 пайызында не ниқабтағы қыз-келіншектердің, не салафиттердің жұртқа ақыл беретін тікелей эфирлері сағаттап жүздеген, мыңдаған кісіні ашықтан-ашық улап жатыр. Олардың уағыздарын соңына дейін тыңдау мүмкін емес.

Ең сорақысы, солардың бәрінің сөзінің астарынан қазақ билігін менсінбеу, қазақ билігін қаламау сарынын анық байқайсыз. Қазақтың билігін қаламайтын кісінің бұл қазақты қалай қоюы мүмкін бе?

Ал іштегі қаламау қыжылы ұлғайса, бұл ағымдағылар қоғамға қандай қауіп төндіретінін ойлаудың өзі қорқынышты емес пе, қалай ойлайсыз?

Төменде түнгі ТикТоктағы бір ғана тікелей эфирдің бір сәтінің жазбасы ғана. Ал мұндай эфирлер күн сайын өтіп жатыр.

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото видеодан скринделіп алынды.