Ысқақ — бүкіл діншіл қауымды білімімен ойбайлатып жатыр (ВИДЕО)

0
312

ТикТок әлеуметтік желісін қолданушылар бұл жігітті «Ысқақ» деп жақсы таниды. Ысқақ — әлеуметтік желілерде малтасын езген талай діншіл мен дүмшені білімімен тығырыққа тіреп, бажылдатып, бақыртып жатыр деп жазады Democrat.kz.

Ысқақтың шын аты-жөні, кім екені — жұмбақ. Оның бір ғана ТикТок парақшасында  40 мыңға жуық тұрақты жазылушысы бар. ТикТок, Ютуб, Телеграмм әлеуметтік желілерінде SciQ деген атпен тіркелген. Оның өзін жұмбақ сақтайтыны да түсінікті. Себебі біздің кейбір діншіл қауым өз дегеніне көнбеген кісілерге күш көрсетіп, тіпті өлтіріп тастаудан тайынбайтыны бесенеден белгілі.

Қазақы ұлттық таным туралы айтатын шымкенттік жігітті мұсылман болмағаны үшін арнайы барып сабап кеткен дүмшелер туралы Democrat.kz. жазған еді.

Міне, сондай надан, топас түсініктегі кісілерден сақтану үшін Ысқақтың өзін жұмбақ сақтағаны дұрыс деп санаймыз.

Сөз болып отырған Ысқақ әлеуметтік желі арқылы «дін» деп сандалып, адасып жүрген қаншама адамның көзін ашып, ұлтын сүюге баулып жатыр.

Әрине, Ысқақтың дін емес, бірінші орында ұлт дейтін принципі кей діндарлардың жанды жарасына тұз себуде.

Мәселен, кезекті бір тікелей эфирдегі пікірталаста:

Ысқақ: — Неге бізде адам өлгенде арабша дұға оқиды?

Діндар: — Өйткені мұсылманға арнап Құраннан қасиетті сүрелер оқылады.

Ысқақ: — Неге арабша оқылады?

Діндар: — Себебі Құранны тілі — арабша.

Ысқақ: — Өлген кісі араб емес, қазақ қой. Неге қазақша дұға оқылмайды?

Діндар: — Жоқ, қасиетті сүре арабша болғаны үшін арабша оқылады.

Ысқақ: — Бұл — әділетсіздік қой!? Өліп жатқан кісі — араб емес, қазақ. Қазақтың жаназасында бөтен біреудің арабша өлең оқуы дұрыс па? Қазақтың жаназасына келіп «Абдул Уахабтың қолы құрысын, ол ертең жанған отқа кіреді, оның артынан әйелі отын алып кіреді» дейтін арабша қарғыс сүрені оқып тұрған имамның керегі бар ма?

Діндар: — …

Ысқақ: — Ойлашы, қайтыс болған орыстың жаназасына барып, «Ер Тарғын» жырын айтсаң, домбыраңмен жыр айтып, күй тартсаң… қалай болады?

Әрине, осындай логикалық сұрақтарға ешбір діндар нақты жауап бере алмайды. Расымен де, ойланып қарасаңыз, қайтыс болған қазақтың жаназасында «Йасин» сүресінің оқылуы қаншалықты қисынды? Сұраққа жауап тапқыңыз келсе, сүренің қазақша аудармасын ақтарып көріңіз.

Ысқақтың келесі бір сұрақ — жауабы кез келген діндарды сүріндірері сөзсіз. «Аяз атаға сенесің бе?» деп сұрайды Ысқақ. «Аяз ата» — адамның ойынан шығарылған кейіпкер, оның өмірде болғанына дәлел болатын ештеңе жоқ. Ал Алланың барына Құран кітабы дәлел дейсіз.

Мұндайда Ысқақтың берер жауабы: «Аяз ата» туралы кітап түгілі, миллиондаған фильм, мультфильмдер бар ғой!?

Міне, осы тұста «Аяз атаны» не бар, не жоқ дей алмай, мүдіріп қиналған діндарлардың кейбірі ашуға ерік беріп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыға бастайды. —

Ал ең маңызды, назар аударатын дүние — біздегі діндарлардың 85-90 пайызы Құранның етін ашпаған, қазақша мағынасын түсініп оқымағандар. Әркімнен, әр жерден естіген дүниелермен өзін діндар санап, кеуде қағуды ғана біледі.

Өкініштісі, тағы да сол 85-90 пайыз діндарлар «менікі дұрыс! Менің дінімде болмаған кісі — менің жауым» деген ұстанымда екенін іс-әрекеттерінен, сөздерінен анық аңғару қиын емес.

Әйтпесе «Құдай жоқ!» деп жазылған Ысқақтың эфиріне арнайы келіп, құдайдың барын дәлелдеуге жанталаспас еді. Біздегі діндарларда «мен құдайдың барына сенем, басқаларда шаруам қанша» деген түсінік жоқ.

Олардың пайымынша, бүкіл әлем солардың дініне сенуге тиіс. Ал сенбесе, онда ол адам — кәпір. Ал кәпірлерді аямау — дүмшелердің басты ұстанымы.

Қазіргі қазақ қоғамын іштен ірітіп жатқан да осындай ұстаным жетегінде жүргендер. Бұған дейін айналасын діни сенімдерімен еркін улап, адастырып келген ондайлар ел ішінен Ысқақ секілді азаматтар шыға бастағанда, жарасына тұз себілгендей ышқынып, шыңғыруда.

Әлдебір тылсымға сену — әркімнің жеке ісі. Алайда діни сенімді ұлтыңнан, ұлттық құндылықтарыңнан биік қойған сәтте — сен адам ретінде де, қазақ ретінде де жойылатыныңды ұмытпаған жөн.

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Фото көрнекілік үшін.

@sciqz