Жаңа туған сәбиді дәрігерлер күйдіріп тастаған

0
214

Семейде төртінші баласын босанған келіншек жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, айы-күні жетіп, аман-есен босанған нәрестесін дәрігерлер күйдіріп тастаған. Аталған жайтқа қатысты дәрігерлер пікір білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

32 жастағы Камаль Оразғалиева 2 қаңтарда шекесі торсықтай ұл босанған. Өмірге әкелген төртінші баласының салмағы — 4 келі 150 грамм. «Аман-есен өмірге әкелген нәрестемді дәрігерлер күйдіріп тастады», — дейді ол. Кішкентай Әлидің жамбасы мен иығы, арқасының терісі күйіктен үлбіреп тұр.

«Бала сау болып туды. Ешқандай ауруы, ештеңесі болған жоқ. Тоғыз ай жүрді. Әйелім ауырған жоқ. Бүкіл анықтамасы бар. Балам — 4 келі 150 грамм, бойы — 58 см. Аман-сау туған бала», — дейді сәбидің әкесі Амангелді Жұмашев.

Әділдік іздеп шырылдаған ата-ана дәрігерлер мұны тәулік бойы жасырып, тіс жармағанын айтып отыр.

«Олардың айтуынша, бала жылытуға арналған төсенішке күйіп қалған. Мен бірден төменгі қабатқа түсіп, қарадым. Артынша олар жараны жарып, хирург шақырды. Сондай-ақ менен айқай-шу шығармауымды сұрады. Осы күнге дейін күйікпен емдеп келген болатын. Енді «тұқымынан берілуі мүмкін, күйік емес» деп отыр», — дейді анасы Камаль Оразғалиева.

Дәрігерлер болса «сәбиді күйдірмедік, бұл тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін» деп отыр. Олар шақалақты дереу Астанаға аттандырамыз, дейді.

«Басында біз күйік деп есептедік. Оны жоққа шығармаймыз. Ол диагнозбен Астанадағы дәрігерлерге бәрін айттық. Оны жоққа шығарып отырған ешкім жоқ. Қазір бұл белгілер күйікке ұқсамай жатыр. Қалыпты жағдайда күйік алты тәулікте жиналып, өзіңіз қолыңызды күйдірсеңіз де, ол жақсарады», — дейді Абай облысының бас неонатолог дәрігері Шынар Астаева.