Жүз шақты еркек жабылып бір қызды бөлшектеп өлтірді

0
1497

Күн сайын түрлі сұмдық оқиғаларды естіп, таңғалудан да қалып барамыз. Бұл жолы бір қызға жабайылықпен жабылған  өзін «мұсылманмын!» деп кеудесін қаққандардың сорақы әрекеті туралы естіп, жаға ұстадық.

Оқиға сол баяғы өздерін Алланың ең сүйген құлы санайтын, өзгелердің бәрін тозақта жанады деп сенетін Ауғанстанда орын алған.

Фархунда Маликзаде Ауғанстанның Кабул қаласында 1987 жылы дүниеге келген.  Білімді медреседе алған Фархунда  2015 жылы діни білім алуды тәмамдап, алдағы уақытта әділдіктің төрелігін айтар сот болуды армандаған екен.

Ата-анасы мен бір ағасы бар Фархунда мұсылман отбасында өсіп, тәрбие алған. Шариғаттың бүкіл заңын қатаң сақтайтын қоғамның ыңғайына қарай өмір сүрген.

Біздің мұсылмандар қарсы шығатын 22 наурыз «нағыз мұсылманбыз» дейтін Ауғанстанда жаңа жыл деп саналады. Міне, сол 22 наурыз күнінен аз бұрын Фархунде сырттағы шаруалары үшін үйден шығып кетеді.

Үйден шығарда да әдеттегідей қара түсті паранжасын жамылған Фархунде Кабулдағы Шах-Ду Шамшир мешітінің жанынан өтіп бара жатып, түрлі діни заттар сатылып жатқан жаймаға жақындайды.

Сатылып жатқан заттардың ішінде еркектік қуатты арттыратын түрлі виагра тектес заттардың да сатылып жатқанын көріп: «Бұл — ұят нәрсе. Дінімізде мұндай заттарды сатуға болмайды. Мұныңыз ұят емес пе?»- дейді сатушы Зайнуддин қарияға. Екеуінің арасында осылайша басталған дау біртіндеп айғай-шуға ұласады.

Осы сәтте бұлардың дауыстарына жиналған бір топ еркекті көрген сәтте Зайнуддин бар даусымен бақырып: «Мына қатын қасиетті Құранымыз жазылған көшірме қағаздарды жыртып, отқа жақты!Бұл Американың тыңшысы!» дейді.

Санасы дінмен уланған тобыр мына сөздерді естіген сәтте бірден паранжада тұрған Фархунденің дал-дұлын шығарады. «Құранды жақпадым! Өтірік айтады» деуге шамасы келмеген Фархундені 150-ге жуық еркек тепкінің астына алып, айналасы жарты сағатта дап-даласын шығарады.

Тобырдың бұл шуына келген полицейлердің өзі қызды әлгі еркектердің қолынан арашалап ала алмайды. Фархунденің жансыз денесі де жүздеген мұсылманды тоқтатпайды.

Олар енді Фархунденің мәйітін бөлшектеуге кіріседі. Паршалап бөлшектелген мәйітті қаңырап жатқан Кабул өзеніне лақтырып, үстінен тас боратып, от қояды.

Айналасы екі сағат уақыт ішінде «Құран көшірмесін өртеді! Дінімізді қорлады!» деп бақырған тобыр Фархунденің мәйітін осылайша бөлшектеп тастады.

Бұл оқиға бойынша қаншама тергеу-тексеру жұмыстары жүрсе де, Фархунденің Құранды өртегені туралы дәлел табылмады. Сондай-ақ Фархундені қорқынышты жағдайда бөлшектеп өлтіргендер жазасын алмады.

Неге? Себебі ол елде әйелдің көк тиындық құны жоқ. Сонымен қатар ол елде еркектердің суайттығы, екіжүзділігі, арсыздығы, намыссыздығы қалыпты дүниеге айналған. Себебі олар жауыздықтың неше түрін жасаса да, намаз оқып, құдайдан кешірім сұрасақ, кешіреді деген түсініктегі пенделер.

Олар өздерінің арсыз әрекеттері үшін тәубе жасап, истихфар етсе, құдай кешіреді деп ойына келген жамандықты жасауды әдетке айналдырған.

Ауғанстан сияқты Шариғатпен жүретін басқа елдерде де мұндай оқиғалар күн сайын болады. Өкінішке қарай, интернет әлеміне ондай оқиғалардың бәрі жариялана бермейді.

Дәл осыған ұқсас жағдайды Сорайа «Забивания камнями» атты фильмнен де көруге болады. Фильм шынайы оқиға желісі бойынша түсірілген. Діни сенімнің адамды қандай қадамдарға апаратынын осы оқиғалардан көруге болады.

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото интернеттен алынды.