Әлеуметтік желіде Қарқаралы қаласындағы мектепке музыка мұғалімін іздеген бос жұмыс орны көпшіліктің назарын аударды. Аптасына 8 сағаттық жүктемеге 1 млн 250 мың теңге жалақы көрсетілген хабарландыруды көрген жұрт мұның рас жалақы ма, әлде жүйедегі қате ме деп таңданысын жасырмады, деп жазады Democrat.kz.
Threads қолданушысы Досхан Ахметқали жариялаған скриншотта Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Әлімхан Ермеков атындағы №2 жалпы білім беретін мектепке музыка мұғалімі қажет екені көрсетілген.
Хабарландыруда құжат қабылдау мерзімі 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығы деп жазылған. Ал ең көп назар аудартқан тұсы — «ресми жалақы» бағанында 1 250 000 теңге көрсетілуі.
Автор мұны көріп:
«8 сағаттық жүктеме үшін не деген жалақы мынау, Құдай сақтасын?!» — деп таңданысын білдірген.
Желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай жалақының мектеп мұғаліміне, оның үстіне аптасына небәрі 8 сағат жүктемеге берілуіне күмән келтірген. Кейбірі «бір нөл артық кеткен шығар», «125 мың теңге болуы мүмкін», «осындай жалақы болса, бүкіл ел мұғалім болар еді» деген сарындағы пікірлер айтқан.
Тағы бір топ қолданушы мұны электронды жүйеге мәлімет енгізу кезіндегі техникалық қате болуы ықтимал деп болжаған.
Мектептің өзі Қарқаралы қаласында орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымы. Ашық деректерде оның Қарағанды облысы білім басқармасына қарасты екені көрсетілген.
Скриншоттағы 1 млн 250 мың теңгенің нақты айлық жалақы екені әзірге ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан бұл соманы мұғалімге шынымен төленетін еңбекақы деп кесіп айтуға болмайды.
Дегенмен хабарландырудағы бір ғана сан мұғалімдердің шынайы жалақысы мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттың қаншалықты дұрыс енгізіліп жатқанын тағы бір рет талқыға салды.
