Жамбыл облысында қатарластарының соққысынан кейін ауруханаға түскен оқушы үш аптадан бері есін жия алмай жатыр. Баласының қазасы туралы суық хабар естіген анасы ауруханаға жеткенде дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатқан. Жақындары ауылда жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағыларға әлімжеттік жасап келгенін айтып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етуде, деп жазады Democrat.kz.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған оқиға көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. 31 қазанда соққыға жығылған 14 жастағы Асылбек Рахманқұлов үш аптадан бері ес-түссіз жатыр.
Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісіне жасөспірімнің анасы Бағила Қонақбаева айтып берген.
«Апай, Асылбек өліп қалды»
Қайғылы оқиға болған күні кешкі сағат сегіз шамасында анасының телефонына бейтаныс нөмірден қайта-қайта қоңырау түскен. Алғашында тұтқаны көтермеген әйел ақыры жауап бергенде жан түршігерлік хабар естіген.
«Апай, Асылбек өліп қалды», – деген телефон соққан адам.
Мұны естіген анасы есінен танып қалған. Телефонды алған қыздары не болғанын сұрағанда, хабарласқан адам Асылбектің талып қалғанын айтып, Аса ауылындағы ауруханаға тез жетуді өтінген.
Ауруханаға барған анасы баласының жүрегі тоқтағанын естіген. Дәрігерлердің көмегімен жасөспірімнің жүрек соғысы қайта қалпына келтірілген.
Алайда бала есін жимаған.
Алғашында Аса ауылындағы ауруханаға жатқызылған Асылбек кейін Тараздағы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.
Дәрігерлердің мәліметінше, оның қан айналымы тұрақталып, өздігінен тыныс ала бастағанымен, орталық жүйке жүйесінің зақымдануына байланысты жағдайы әлі де өте ауыр.
Ауылда балаларды күштеп жинап, жазалап келген бе?
Асылбектің жақындары оқиғаның кездейсоқ жанжал емес, ауылда қалыптасқан әлімжеттікпен байланысты екенін айтады.
Олардың сөзінше, жоғары сынып оқушылары өздерінен кішілерді арнайы жиналысқа шақырып, түрлі тапсырма беріп отырған. Тіпті балаларға мал қорасы мен әжетхана тазалатып, айтқандарын орындамағандарды жазалаған деген мәлімет бар.
31 қазанда да Асылбек осындай жиналысқа шақырылған.
Туыстарының айтуынша, ол кездесуге кешігіп барғаны үшін жазаланған.
Асылбектің әпкесі жоғары сыныпта оқитын бірнеше жасөспірім 10-сынып оқушысына інісін ұруды бұйырғанын мәлімдеді. Ал бұйрықты орындамаған жағдайда әлгі баланың өзін соғамыз деп қорқытқан көрінеді.
Соның салдарынан Асылбек кеуде тұсынан соққы алып, есінен танып құлаған.
Бұл мәліметтер әзірге жәбірленушінің туыстарының сөзіне негізделген. Оқиғаны ұйымдастыруға және күш қолдануға қатысы бар адамдардың нақты рөлі тергеу барысында анықталуға тиіс.
«Ұрғызған балалар тергеуде жоқ»
Асылбектің анасы тергеудің жүргізілуіне көңілі толмайтынын ашық айтқан.
Оның сөзінше, баласына соққы жасаған жасөспірім кінәсін мойындаған. Алайда оны күш қолдануға мәжбүрледі деген жоғары сынып оқушыларына қатысты тиісті шара қабылданбағанына наразы.
Туыстары оқиға кезінде бірнеше жасөспірімнің болғанын айтып, олардың әрекетіне де құқықтық баға беруді талап етуде.
Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Полицияның бастапқы мәліметінше, бұрыннан таныс екі жасөспірім арасында жанжал туындаған. Күдікті анықталып, тергеу әрекеттері басталған.
Сондай-ақ ауылда балалардан ақша бопсалау және әлімжеттік жасау туралы мәліметтер де тексеріліп жатыр.
Істің тергелуі облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Мектеп қызметкерлеріне сөгіс жарияланды
Оқиғадан кейін Жамбыл облыстық білім басқармасы да тексеру жүргізген.
Нәтижесінде Бірлесу-Еңбек орта мектебінің бірқатар қызметкеріне тәртіптік шара қолданылған.
Мектеп психологы мен директордың орынбасарлары, әлеуметтік педагог және сынып жетекшілеріне қатысты сөгіс пен қатаң сөгіс түріндегі шаралар жарияланған.
Ал аудан прокуратурасының ұсынысымен мектеп директорының қызметіне сәйкестігін анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.
Білім басқармасының мәліметінше, мектепте жоғары сынып оқушылары мен ата-аналардың қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған жиын да өткізілген.
Алайда Асылбектің туыстары үшін ең басты мәселе әлі шешілген жоқ.
Үш қыздың арасындағы жалғыз ұлдың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Жақындары оның жағдайы жақсаратынын күтіп, күн сайын жанынан табылуда.
Ал тергеу ауылдағы жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік туралы мәліметтердің қаншалықты рас екенін, оқиғаға кімдердің қатысқанын және олардың әрқайсысының жауапкершілігін анықтауы керек.
Осы істің аясында тағы бір маңызды сұрақ ашық тұр: егер ауылда балаларды күштеп жинап, қорқытып, жазалау бұрыннан жалғасып келгені расталса, мұндай жағдай мектеп пен жауапты мекемелердің назарынан қалай тыс қалған?