Балқаш мысына – 88 жыл: алғашқы балқымадан заманауи технологияға дейін

Балқаш мысына – 88 жыл: алғашқы балқымадан заманауи технологияға дейін

1938 жылғы 24 қарашада Балқаш мыс балқыту зауытында алғашқы тазартылмаған мыс алынды. Бұл оқиға отандық металлургия тарихындағы маңызды кезеңге айналып, Қазақстандағы ірі металлургиялық кәсіпорындардың дамуына жол ашты деп жазады Democrat.kz.

88 жыл ішінде зауыт бір ғана шағылыстырғыш пештен бастап, балқыту агрегаттары мен технологиялық үдерісті басқарудың автоматтандырылған жүйесі бар заманауи кешенге дейінгі даму жолынан өтті. Бүгінде Қазақмыс кәсіпорынды жаңғырту жұмысын жалғастыруда. 2026 жылы осы мақсатқа арналған бағдарлама аясында 21,8 млрд теңге қарастырылған.

Алғашқы балқымадан заманауи өндіріске дейін

1938 жылы зауытта бір шағылыстырғыш пеш пен бір конвертер жұмыс істеді. Штейн құрамындағы мыс мөлшері 18-22%-ды құрады. Конвертерлеу үдерісі тоғыз сағатқа дейін созылып, алынған металдағы мыс мөлшері шамамен 96%-ға жетті.
Бүгінде мыс балқыту цехында сыйымдылығы 80 тонна бес конвертер, екі Ванюков пеші және әрқайсының сыйымдылығы 250 тонна болатын үш анод пеші жұмыс істейді.

Технологияның даму нәтижесінде штейн құрамындағы мыстың орташа мөлшері 55%-ға дейін артты. Ал конвертерлеу уақыты 5-6 сағатқа дейін қысқарды.

Қазіргі технологиялық үдеріс алдымен шихтаны дайындаудан басталады. Дайындалған шихта Ванюков пештеріне түседі. 1200-1300 градус температурада металлургиялық өндірістің аралық өнімі – штейн түзіледі. Одан кейін ол тазартылмаған мыс алу үшін конвертерлерге жіберіледі.
Келесі кезеңде анод пештерінде оттық тазарту жүргізіледі. Қоспалардан тазартылған металл құрамындағы мыс мөлшері 99,6% болатын анодтарға құйылады. Дайын анодтар одан әрі өңделіп, катодты мыс алу үшін электролиз цехына жөнелтіледі.

Жаңғыртуға бағытталған инвестиция

Балқаш мыс балқыту зауытын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – өндірістік қуаттарды жаңарту және жабдықтардың сенімділігін арттыру.
2026 жылы Қазақмыс кәсіпорында жалпы құны 21,8 млрд теңгені құрайтын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама металлургиялық агрегаттарды күрделі жөндеуді, өндірістік инфрақұрылымды жаңартуды және технологиялық үдерісті жетілдіруді қамтиды.

Бағдарлама аясында №1 Ванюков пешіне құны 5 млрд теңгеден асатын күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Ал 2027 жылы №2 Ванюков пешін күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл жұмысқа 5,4 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттау көзделіп отыр.

Сонымен қатар анод пештерін, конвертерлерді және күкірт қышқылы цехының жабдықтарын жаңарту жұмысы атқарылуда.

Заманауи технологиялар және автоматтандыру

Жабдықтарды жаңартумен қатар кәсіпорында өндірістік үдерісті басқару жүйелері де жетілдірілуде.
2012 жылдан бастап зауытта конвертерлерді бұру үдерісіне автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілуде. Бұл шешім қолмен атқарылатын операциялардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Ал 2026 жылы №3 анод пешіне мазутпен жылыту құрылғысы орнатылды.

Өндірісті автоматтандырудың перспективалы бағыттарының бірі – конвертерлеу учаскесіне оптикалық газ талдағыш орнату. Қарастырылып отырған жоба балқыту параметрлерін автоматты түрде бақылауды, қож бен мыстың дайын болу деңгейін анықтауды, сондай-ақ қажетті кен мөлшерін дәлірек есептеуді көздейді.

Бұл технологияны енгізу технологиялық параметрлерді бақылау дәлдігін арттырып, өндірістік үдерістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

88 жылдық металлургиялық дәстүр

Балқаш мыс балқыту зауыты отандық металлургия саласындағы негізгі кәсіпорындардың бірі болып қала береді.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылын, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге шақталған.

Кәсіпорынның 88 жылдық тарихының артында бірнеше буын металлургтердің, инженерлер мен мамандардың еңбегі тұр. Олардың қажырлы жұмысы Қазақстандағы металлургия өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты.

Бүгінде Қазақмыс ұрпақ сабақтастығы мен жинақталған өндірістік тәжірибені сақтай отырып, зауытты дамытуға, жабдықтарды жаңартуға және заманауи технологияларды енгізуге инвестиция салуды жалғастыруда. Бұл кәсіпорынның алдағы уақытта да тұрақты жұмыс істеуіне және өндірістік әлеуетін арттыруға негіз болады.

Барлық жаңалықтар