Абай облысындағы ауыл мектебінде жас мұғалімнен қысқа мерзімді сабақ жоспарын міндетті түрде қолмен жазу талап етілгені туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ұстаздың айтуынша, бес сабақтың екеуіне жоспарын компьютерден басып шығарғаны үшін директор түсініктеме жазуды талап еткен. Ал көпшілік мұндай талаптың заңдылығына күмән келтіріп отыр, деп жазады Democrat.kz.
Жасанды интеллект дамып, білім беру жүйесі цифрландырылып жатқан заманда Қазақстанның бір мектебінде мұғалімнен сабақ жоспарын қолмен жазуды талап еткен.
Бұл туралы Абай облысындағы ауыл мектебінде жұмыс істейтін жас педагог әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі еңбек өтілі үш жылға толмаған мұғалім қысқа мерзімді сабақ жоспарын (ҚМЖ) міндетті түрде қолмен жазуға тиіс деп есептейді.
Ал жас ұстаз күнделікті сабаққа дайындықтың өзіне қыруар уақыт кететінін айтады. Көрнекілік әзірлеу, таныстырылым жасау, түрлі тапсырмалар дайындау аздай, енді жоспарды қолмен көшіруге тағы 3–4 сағатын жұмсауға мәжбүр екен.
Ең сорақысы, осы талапқа байланысты мұғалімнен түсініктеме жазу талап етілген.
«Директор сабағыма қатысқаннан кейін алдына бардым. Сол күні қатарынан бес сабағым болды. Үш сабақтың жоспарын қолмен жаздым, ал соңғы екі сабақтың жоспарын компьютерден басып шығардым. Өйткені екеуін қолмен жазып үлгеруге уақытым жетпеді», – деп жазды ұстаз.
Яғни қатарынан бес сабақ өткізген мұғалім үш сабағының жоспарын қолмен жазып, қалған екеуін компьютерден басып шығарған.
Алайда мұның өзі мектеп басшысының наразылығын туғызған.
«Директор маған ұрысып, түсініктеме жазуды талап етті. Айтуынша, екі түсініктеме жазғаннан кейін сөгіс беріледі екен», – дейді жас мұғалім.
Ұстаз енді жыл соңына дейін осындай жағдай қайталанса, тәртіптік жазаға тартылып кетемін бе деп алаңдайды.
№130 бұйрықта не жазылған?
Бұл оқиғаның ең маңызды тұсы – мектеп әкімшілігі қойған талаптың құқықтық негізі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрығында мұғалімнің қысқа мерзімді сабақ жоспарын қағаз түрінде немесе электрондық құжат ретінде (Word, PDF) жүргізуі қарастырылған.
Алайда құжатта жас мамандардың қысқа мерзімді сабақ жоспарын міндетті түрде қолмен жазуға тиіс екені көрсетілмеген.
Демек, жоспарды қағаз түрінде жүргізу мен оны міндетті түрде қолмен жаздыру – екі бөлек мәселе.
Мектеп әкімшілігінің компьютерде дайындалып, қағазға басып шығарылған жоспарды қабылдамауына қандай құқықтық негіз бар?
Ал мұндай талапты орындамағаны үшін мұғалімнен түсініктеме сұрату қаншалықты орынды?
Бұл сауалдарға мектеп басшылығының ресми жауабы әзірге белгісіз.
«Бұл не, орта ғасырдағы жазалау тәртібі ме?»
Жас мұғалімнің жазбасына қатысты пікір білдіргендер мектеп әкімшілігінің талабын өткір сынаған.
«2017 жылы бізді де қысқа мерзімді сабақ жоспарын қолмен жазуға мәжбүрлеп, жазғанымызды тексеретін», – деп жазды бір оқырман.
Тағы бірі жаңа технология дамыған заманда мұғалімге осындай талап қойылуын түсіне алмайтынын білдірген.
«Сендерде мектеп басшылығы емес, орта ғасырдағы жазалаушылар отырған ба? Технология дамыған заманда жоспарды қолмен жазуға міндеттейді екен. Мұның мәні неде өзі?» – деп ашуланған пікір иесі.
Пікір қалдырушылардың бірі №130 бұйрықты көрсетуді ұсынса, енді бірі мұғалімді өз құқығын қорғауға шақырған.
Дегенмен барлық пікір бірдей емес. Кейбір оқырмандар қысқа мерзімді сабақ жоспарын электрондық немесе қағаз түрінде жүргізуге болатынын айтып, мәселені қолданыстағы құжат негізінде шешуге шақырған.
Мұғалім сабақ бере ме, әлде қағаз көшіре ме?
Бұл жағдай бір ғана жас мұғалімнің мәселесі емес, мектептегі басқару мәдениетіне қатысты маңызды сұрақ туғызады.
Мұғалімнің кәсіби біліктілігі оның жоспарды қолмен немесе компьютерде жазғанымен өлшене ме?
Қатарынан бес сабақ өткізетін ұстаздың уақытын қағаз көшіруге жұмсау оқушының білім сапасын қалай жақсартады?
Әсіресе министрлік мұғалімдерді артық қағазбастылықтан босату туралы айтып жатқанда, мұндай талаптың қойылуы түсіндіруді қажет етеді.
Әзірге бұл – әлеуметтік желіде жарияланған мұғалімнің мәлімдемесі. Мектеп әкімшілігінің түсініктемесі мен тиісті құжаттар ұсынылмағандықтан, заң бұзушылық болды деп түпкілікті тұжырым жасауға болмайды.
Алайда жас ұстаздың сөзі расталса, мәселе қысқа мерзімді сабақ жоспарының қалай жазылғанында емес, мектеп басшылығының заңда көрсетілмеген талапты не үшін міндеттегенінде болмақ.
Ең басты сұрақ – Қазақстан мектебіне сабағын сапалы өткізетін мұғалім керек пе, әлде дәптер толтырудан бас көтермейтін мұғалім керек пе?