«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген ақылы «ПедСтарт» олимпиадасына қатысқан мұғалімдер жаппай наразылық білдіріп жатыр. Сайттың істен шығуы, қате құрастырылған сұрақтар, бірдей жауаптар мен техникалық ақаулар педагогтердің ашуын туғызған. Ұстаздар жұмсаған ақшасы мен уақытының өтеуін талап етіп, ұйымдастырушылардан нақты жауап күтуде, деп жазады Democrat.kz.
«Ақшаны төлеу оңай болды. Ал олимпиада тапсыру мұңға айналды!»
Әлеуметтік желіде «ПедСтарт» олимпиадасына қатысқан мұғалімдердің наразылығы күшейді. Педагогтердің айтуынша, ақылы білім сайысы олардың кәсіби біліктілігін тексерудің орнына жүйкесін жұқартқан.
Қатысушылардың бірі 40 минуттың 30 минутын тест тапсыруға емес, сайтты іске қосуға жұмсағанын мәлімдеді.
«Ақша төлеп, өз білімімді тексеріп, зияткерлік сайысқа қатысудан ләззат аламын деп ойладым. Бірақ компьютер алдында өткізген 40 минутымның небәрі 10 минуты ғана тест тапсыруға кетті. Қалған 30 минут бойы сайтты жұмыс істетуге тырыстым», – дейді мұғалім.
Алайда мәселе сайттың баяу жұмыс істеуімен шектелмеген.
«Дұрыс жауаптың өзі жоқ!»
Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, мұғалімдер кейбір тест сұрақтарының қате құрастырылғанына, жауап нұсқаларының қайталанғанына, тіпті орыс тіліндегі сөздердің латын әріптерімен берілгеніне шағымданған.
«Сұрақтар дұрыс құрастырылмаған, қателер көп. Кейбірінде бірнеше дұрыс жауап бар, ал енді бірінде дұрыс жауап мүлде жоқ. Өкінішті олимпиада болды. Енді оған қатысуға ешқандай қызығушылығым қалмады».
Тағы бір педагог жауап кілтінде тест тапсырмасында мүлде болмаған сөз көрсетілгенін мәлімдеді.
Басқа қатысушылар сұрақтардың бір бөлігі ағылшын тілінде көрінгенін, жүйенің қайта-қайта істен шыққанын, жауап таңдау батырмалары жұмыс істемегенін жазған.
Тіпті 25 минутта орындаған тестінің есебінде 29 сағат көрсетілгенін айтқан мұғалім де бар.
«Ақшаны алғанда бәрі күшті!»
Педагогтердің ерекше наразылығын туғызған мәселе – олимпиаданың ақылы болуы.
«Бір қызығы, мұғалімдердің көпшілігі төлемді тез, оңай, еш қиындықсыз жасаған. Ал олимпиада тапсыру нағыз масқараға айналды. Ақшамызды қайтарыңдар!»
Тағы бір пікірде:
«Ақшаны алғанда бәрі керемет, үндемей алады да, қайтару керек болғанда «қарастырамыз» деп ойланып отырғандай болады. Ақшаны сөзсіз қайтару керек қой», – делінген.
Кейбір мұғалімдер олимпиадалар ақша табу құралына айналып бара жатыр деген күдігін білдірген.
«Тек ақша жинау. Бұл олимпиадалардың бәрі біреудің кәсібіне айналған», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Бұл – әлеуметтік желі қолданушыларының бағасы. Олимпиада ұйымдастырушыларының заңсыз пайда тапқаны туралы расталған дерек жоқ.
Дегенмен ақылы қызметтің тиісті деңгейде көрсетілген-көрсетілмегені туралы сұрақ орынды.
«Дарын» қатені мойындады. Бірақ дау басылған жоқ
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қатысушылардың шағымдарын қарайтынын хабарлаған.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар бір тапсырмада екі дұрыс жауап болғанын мойындап, барлық қатысушыға қосымша бір ұпай есептелетінін мәлімдеген.
Ал сұрақтардың бұрмаланып көрінуін браузердегі автоматты аударма қызметімен түсіндірген.
Алайда мұғалімдердің наразылығы мұнымен тоқтамаған.
Қатысушылардың бірі тестті қайта тапсыру мүмкіндігі туралы хабарлама басталуына небәрі 45 минут қалғанда жарияланғанын жазды. Оның айтуынша, қайта тапсыруға бір сағат берілген.
Педагогтер бұл уақытта кейбір әріптестерінің сабақта болуы немесе хабарламаны көрмей қалуы мүмкін екенін алға тартқан.
Бірқатар ұстаз қайта тапсырғаннан кейін де жауап кілттеріндегі қателер сақталғанын мәлімдеді.
«Мұғалім осы үшін ақша төлеп, жүйкесін жұқартуға міндетті ме?»
Наразылық білдірген педагогтердің кейбірі олимпиадаға аттестаттау үшін қажет жетістіктерін толықтыру мақсатында қатысқанын айтады.
«Бұл олимпиада мұғалімдердің бәріне аттестаттау үшін қажет болып тұр. Қатысатын басқа жер де көп емес. Біліктілік санатын кейін қалай растаймыз? Сондықтан әр мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Бірақ бұл жолы мен де, көптеген әріптестерім сияқты, ақшам мен уақытымды босқа жоғалттым».
Тағы бір пікірде олимпиаданы қайта өткізудің орнына қаражатты қайтару талап етілген.
«Қайта тапсырудың қажеті жоқ. Неге біз тағы да күйзеліске түсіп, қорлық көруге тиіспіз? Ақшамызды қайтарсын немесе бәрімізге диплом берсін».
Әлеуметтік желідегі жазбалардан байқалғандай, педагогтердің наразылығы бір ғана техникалық ақауға емес, ақылы олимпиаданың ұйымдастырылу сапасына бағытталған.
Қатысушылар жұмсаған ақшасын қайтаруды, нәтижелерді әділ қайта қарауды немесе тестілеуді тегін қайта өткізуді талап етіп отыр.
Ал «Дарын» орталығы мойындаған бір қатеден бөлек, мұғалімдер көрсеткен өзге кемшіліктердің қаншасы расталғаны және олардың нәтижеге қалай әсер еткені әзірге белгісіз.
Бұл дау бір маңызды сұрақты алға шығарды: мұғалімдердің білімін бағалауға арналған олимпиаданың өзінің сапасы мен әділдігіне кім жауап береді?
Өйткені қатысушы ақылы олимпиадаға тіркелгенде оның уақытының басым бөлігі сайтты іске қосумен өтетінін емес, білімі әділ бағаланатынын күтеді.
Ал ұйымдастырушылар қатені мойындаған жағдайда, қосымша бір ұпай беру барлық қатысушының мәселесін шешуге жеткілікті ме?