Жаңа ереже күшіне енді: Енді шағымыңыз мекемелер арасында сандалмайды

Жаңа ереже күшіне енді: Енді шағымыңыз мекемелер арасында сандалмайды

Мемлекеттік мекемеге арыз жазып, мәселеңізді шешудің орнына жалтарма жауап алып жүрсіз бе? Әлде өтінішіңіз бір мекемеден екіншісіне жолданып, нақты шешімін таппай қойды ма? Қазақстанда 8 қарашадан бастап мемлекеттік органдардың азаматтар өтінішін қарауына қатысты жаңа талап күшіне енді. Енді шенеуніктер арызды қайта-қайта басқа мекемеге жолдаудың себебін заң жүзінде негіздеуге міндетті, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда мемлекеттік органдардың азаматтар өтінішіне жалтарма жауап беруі мен арыздарды бір мекемеден екіншісіне қайта-қайта жолдауы Президент Әкімшілігінің назарын аударды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары мемлекеттік органдардың үстірт жауаптарына қатысты шағымдар көбейген.

Осыған байланысты Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азаматтардың мәселесін негізсіз басқа мекемелерге ысыра беруді тоқтатуды тапсырды.

Жаңа талап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 23 қазандағы №953 қаулысымен бекітіліп, 8 қарашадан бастап күшіне енді.

Өтінішіңізді төртінші рет басқа мекемеге жіберсе, себебін түсіндіруге міндетті

Жаңа тәртіптің ең маңызды өзгерісі – өтінішті бірнеше рет қайта жолдауға қатысты.

Егер азаматтың өтініші немесе ондағы жеке мәселе бұған дейін үш немесе одан да көп рет басқа мемлекеттік органдарға жіберілсе, оны тағы жолдайтын мекеме өз шешімін жазбаша негіздеуге тиіс.

Атап айтқанда, мемлекеттік орган:

  • Мәселені өз құзыреті аясында не себепті шеше алмайтынын;

  • Өтінішті басқа мекемеге қандай негізде жолдайтынын;

  • Екі мекеменің де өкілеттігін айқындайтын нақты заң нормаларын көрсетуге міндетті.

Бұл негіздеме өтінішті жолдаумен бірге жіберілетін ілеспе хатта көрсетіледі.

Маңыздысы – жаңа ереже өтінішті басқа мекемеге жолдауға толық тыйым салмайды. Бірақ бірнеше рет қайталанған мұндай әрекетті заңмен негіздеуді міндеттейді.

Өтінішіңіз басқа мекемеге жіберілсе, қандай құқығыңыз бар?

Қазақстанның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабына сәйкес, өтініш түскен мекеме мәселені қарауға құзыретті болмаса, оны тиісті органға үш жұмыс күні ішінде жолдауға тиіс.

Бұл туралы өтініш иесіне де хабарлануы қажет.

Мысалы, тұрғын көшенің жарықтандырылуына қатысты әкімдікке шағымданды делік.

Егер өтініш басқа мекемеге жолданып, ол да мәселені шешпей, үшінші мекемеге жіберсе, азамат өтінішінің қозғалысын бақылап отыра алады.

Ал арыз үш рет жолданып, төртінші рет қайта жіберілетін болса, жаңа талап бойынша мұндай әрекет нақты заң нормаларымен негізделуге тиіс.

Жалтарма жауап алсаңыз, қалай шағымданасыз?

Мемлекеттік орган өтінішіңізге нақты жауап бермесе немесе көтерген мәселеңізді қарамай, жалпылама түсініктемемен шектелсе, оның шешіміне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға болады.

Ол үшін мына тәртіпті пайдаланыңыз.

  1. Алдыңғы жауаптарды сақтаңыз. Өтініштің тіркеу нөмірін, берілген күнін, қай мекемеге қашан жолданғанын және барлық жауапты жинақтаңыз.

  2. Мәселенің шешілмегенін нақты көрсетіңіз. Қай сұрағыңыз жауапсыз қалғанын, қай талап қаралмағанын және қандай шешіммен келіспейтініңізді жазыңыз.

  3. Заң нормасына сүйеніңіз. Егер өтінішіңіз үш рет немесе одан көп қайта жолданып, тағы жіберілсе, Үкіметтің №953 қаулысымен енгізілген талапқа сәйкес, оның құқықтық негізін түсіндіруді сұраңыз.

  4. Ресми шағым түсіріңіз. Мемлекеттік органның шешіміне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымды «Е-Өтініш» жүйесі арқылы беруге болады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, мұндай шағым әдетте алдымен шешіміне немесе әрекетіне дау айтылып отырған органға беріледі. Ол шағымды белгіленген тәртіппен қарайтын жоғары тұрған органға жолдайды.

Шағымды қанша күнде қарауға тиіс?

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде өтініш пен шағымды қараудың мерзімдері белгіленген.

76-бапқа сәйкес, өтініш негізінде қозғалған әкімшілік рәсімді қараудың жалпы мерзімі – 15 жұмыс күні.

Қосымша мән-жайларды анықтау қажет болса, мерзім заңда белгіленген тәртіппен ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы өтініш иесіне хабарлануға тиіс.

Ал мемлекеттік органның шешіміне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағым, егер заңда өзгеше көзделмесе, 20 жұмыс күні ішінде қаралады.

Шағымдану мерзімін өткізіп алмаңыз

Кодекстің 92-бабына сәйкес, мемлекеттік органның әкімшілік шешіміне, әрекетіне немесе әрекетсіздігіне әдетте азамат бұл туралы білген күннен бастап үш ай ішінде шағым жасауға болады.

Егер әкімшілік шешімде оған шағымданудың құқықтық жолдары көрсетілмесе, белгілі бір жағдайларда бұл мерзім алты айға дейін созылады.

Мерзім дәлелді себеппен өткізіліп алынса, оны қалпына келтіру туралы өтініш беруге болады.

Ал заңда көзделген сотқа дейінгі шағымдану тәртібі сақталғаннан кейін, мәселені әкімшілік сотта қарату мүмкіндігі бар.

Есте сақтаңыз: «Құзыретімізге жатпайды» деген жауап мәселенің шешілгенін білдірмейді

Президент Әкімшілігінің бақылауымен өткен кеңесте мемлекеттік органдардың азаматтарға ұзақ уақыт бойы бір сарынды жауап беріп, мәселелердің шешілмей қалуына жол беретіні де айтылды.

Сондықтан енді мемлекеттік органдарға өтініштердің көбею себептерін анықтау, артық әкімшілік кедергілерді жою және азаматтардың арыздарын негізсіз қайта жолдауды тоқтату тапсырылды.

Бұл ретте әрбір мемлекеттік орган өз құзыретіне кіретін мәселені заңда белгіленген тәртіппен қарауға жауапты.

Азамат үшін ең маңыздысы – өтінішінің тіркелуі ғана емес, көтерген мәселесіне қатысты заңды әрі негізді жауап алу.

Егер өтінішіңіз бірнеше мекеменің арасында шешімін таппай жүрсе, оның қозғалысын бақылауға, берілген жауаптармен танысуға және қабылданған шешімге шағымдануға құқығыңыз бар.

Барлық жаңалықтар