Өндірістік қауіпсіздікті күшейту мақсатында 20 шахтада қызметкерлер мен техниканың орналасқан жерін нақты уақыт режимінде бақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Технология қауіпті жағдайларды ертерек анықтап, өндірістік апаттардың алдын алуға бағытталған, деп жазады Democrat.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығына көмір және тау-кен кәсіпорындарынан тәулік бойы ақпарат келіп түседі. Жүйе қызметкерлер мен техниканың қозғалысын, ауа сапасын және ықтимал қауіптерді бақылайды. Қауіпті жағдай анықталған кезде жауапты қызметтерге жедел хабарлама жіберуге мүмкіндік бар.
Бұл жүйе Қарағанды көмір бассейніндегі, «Қазақмыс» корпорациясындағы, ShalkiyaZinc және Donskoy тау-кен байыту кәсіпорындарындағы нысандарды қамтиды. Мұндай цифрлық бақылау әсіресе жерасты жұмыстары кезінде маңызды. Себебі шахталарда газдың жиналуы, желдету жүйесінің істен шығуы және техникалық ақаулар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Мысал ретінде Ақтөбе облысындағы Болашақ шахтасын атауға болады. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі шамамен 1 триллион теңгені құрайды. Мұнда жылына 7 миллион тоннаға жуық хром кені өндіріледі және 1 800 жұмыс орны құрылған.
Цифрлық мониторинг өндірістік қауіпсіздікті арттырудың бір құралы болғанымен, ол еңбек қорғау талаптарын орындауды, жабдықтарды тұрақты тексеруді және қызметкерлерді оқытуды алмастырмайды.