«Сатылған тауар қайтарылмайды»: Дүкендегі осы жазудан қорқудың қажеті бар ма?

«Сатылған тауар қайтарылмайды»: Дүкендегі осы жазудан қорқудың қажеті бар ма?

Сатып алған киіміңіз өлшеміне сай келмесе, аяқкиім ыңғайсыз болса немесе жаңа тауардан ақау шықса, не істеу керек? Кейбір сатушылар «тауар қайтарылмайды», «чексіз қабылдамаймыз» деген уәж айтады. Бірақ Қазақстан заңнамасы сатып алушыға нақты құқықтар береді, деп жазады Democrat.kz.

Кез келген сатып алушы өз құқығын білгені жөн. Өйткені дүкеннің ішкі ережесі заңнан жоғары тұра алмайды.

1. Сапалы тауарды 14 күн ішінде айырбастауға болады

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 14-бабына сәйкес, сатып алушы өзіне өлшемі, түсі, пішіні немесе басқа да сипаттамалары бойынша сәйкес келмеген сапалы азық-түлік емес тауарды 14 күн ішінде айырбастауға құқылы.

Ол үшін тауар пайдаланылмаған, бастапқы тауарлық түрі мен тұтынушылық қасиеттері, пломбалары мен заттаңбалары сақталған болуы қажет.

Егер дүкенде қажетті балама тауар болмаса, сатып алушы ақшасын қайтаруды талап ете алады.

2. Чек болмаса да, құқығыңыз жоғалмайды

Көптеген адам чекті жоғалтқаннан кейін тауарды қайтаруға болмайды деп ойлайды.

Алайда сатып алу фактісін басқа да дәлелдермен растауға болады. Мәселен, банк төлемінің мәліметтері, электрондық түбіртек, бейнежазба немесе куәгер айғақтары көмектесуі мүмкін.

Ең бастысы, тауардың дәл осы сатушыдан алынғанын дәлелдеу.

3. Барлық тауарды қайтара беруге болмайды

14 күндік айырбастау және қайтару тәртібінің заңда белгіленген ерекшеліктері бар.

Оларға сапалы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, ішкиім, шұлық бұйымдары, өсімдіктер мен жануарлар, метрлеп сатылатын кейбір материалдар және ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары жатады.

Бірақ сапалы тауарға қатысты шектеуді ақауы бар тауармен шатастыруға болмайды.

Мысалы, сатып алған техникаңызда өндірістік ақау анықталса, тұтынушы заңда көзделген тәртіппен жөндеуді, ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап ете алады.

4. Жеңілдікпен алынған тауар да заңмен қорғалады

«Акциядағы тауар қайтарылмайды» деген жазу барлық жағдайда заңды емес.

Егер тауар жалпы қайтару талаптарына сәйкес келсе, оны жеңілдікпен немесе бөліп төлеу арқылы алғаныңыз тұтынушылық құқығыңызды жоймайды.

5. Дүкен талапты орындамаса не істеу керек?

Алдымен сатушыға жазбаша шағым беріңіз. Онда тауарды қашан алғаныңызды, қандай мәселе туындағанын және не талап ететініңізді нақты көрсетіңіз.

Шағымыңыздың қабылданғанын дәлелдейтін құжатты сақтаңыз.

Сатушы жазбаша шағымға 10 күнтізбелік күн ішінде жауап беруге тиіс.

Мәселе шешілмесе, өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне, оның ішінде eOtinish жүйесі арқылы жүгінуге болады. Қажет жағдайда сотқа талап арыз беріледі.

Есіңізде болсын: сатып алған затыңызға ақша төлеу арқылы сіз тауарды ғана емес, заңмен қорғалатын тұтынушылық құқықты да иеленесіз.

Барлық жаңалықтар