Жұмысқа кешікпей жету, баланы мектепке апару, сабақтан күтіп алу – баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін күнделікті қиындық. Әсіресе жұмыс кестесі мен баланың сабақ уақыты сәйкес келмегенде, ата-ананың бірін таңдауға мәжбүр болатын кездері аз емес. Қырғызстанда осы мәселені шешу үшін ата-аналарға жалақысын толық сақтай отырып, жұмыс уақытын күн сайын бір сағатқа қысқарту ұсынылды, деп жазады Democrat.kz.
Қырғызстанда 14 жасқа дейінгі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған азаматтарға жаңа еңбек жеңілдігін беру көзделіп отыр.
Жогорку Кенеш депутаты Дастан Бекешев ұсынған заң жобасы 19 қарашада қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжатқа сәйкес, баласын жалғыз асырап отырған ана немесе әке күн сайын жұмысқа бір сағат кеш келуге не жұмыстан бір сағат ерте қайтуға құқылы болады. Ең маңыздысы – бұл үшін жалақысы қысқартылмайды.
Жеңілдік тек ата-аналарға ғана емес, баланы жалғыз тәрбиелеп отырған асырап алушыларға, қорғаншылар мен қамқоршыларға да қарастырылған.
Бір сағат үшін жалақы қысқармайды
Заң жобасында жұмыс беруші қызметкердің жазбаша өтініші негізінде күн сайын бір сағат ақылы бос уақыт беруге міндеттелетіні көрсетілген.
Мысалы, жұмыс күні сағат 09:00-де басталып, 18:00-де аяқталатын ата-ана таңғы 10:00-де келуге немесе кешкі 17:00-де қайтуға мүмкіндік алады.
Бұл уақытты кейін қосымша жұмыс істеп өтеу талап етілмейді. Оны басқа күнге жинақтауға немесе ақшалай өтемақымен алмастыруға да болмайды.
Жеңілдікті пайдалану үшін жұмыс берушіге өтініш жазып, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін ұсыну қажет.
Заң қабылданса, жеңілдік өтініш берілгеннен кейін бес жұмыс күні өткен соң қолданыла бастайды.
Ажырасқан ата-ананың бәріне беріле ме?
Заң жобасының маңызды ерекшелігі – жеңілдік тек ресми түрде жалғызбасты деп танылған адамдармен шектелмейді.
Мұнда баланың күнделікті тәрбиесі мен күтімін кім атқаратыны ескеріледі.
Мысалы, ата-ананың бірі баланың өміріне араласпай, тек алимент төлеп немесе анда-санда көмек көрсетіп отырса, баланы күнделікті жалғыз тәрбиелеп отырған екінші тарап жеңілдікке үміткер бола алады.
Алайда ерлі-зайыптылардың ажырасқаны өздігінен жеңілдік алуға жеткілікті негіз болмайды.
Сондай-ақ баланың санына қарамастан, берілетін бос уақыт күніне бір сағаттан аспайды.
Бұл бастама не үшін көтерілді?
Заң жобасының авторы жалғызбасты ата-аналардың жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүруде қиындыққа тап болатынын алға тартқан.
Әсіресе Бішкек пен Ош қалаларындағы көлік кептелісі ата-аналардың балаларын мектепке немесе балабақшаға уақытында жеткізуіне кедергі келтіреді.
Қазіргі Қырғызстан заңнамасы 14 жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға толық емес жұмыс уақытына ауысуға мүмкіндік береді. Бірақ мұндай жағдайда еңбекақы нақты жұмыс істеген уақытқа қарай есептеледі.
Ал жаңа ұсыныстың басты айырмашылығы – жұмыс уақыты қысқарғанымен, жалақы толық сақталады.
Қазақстанда мұндай мүмкіндік бар ма?
Қазақстанның Еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес, жүкті әйелдің немесе үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың бірінің жазбаша өтініші бойынша жұмыс беруші толық емес жұмыс уақытын белгілеуге міндетті.
Дегенмен бұл Қырғызстанда ұсынылғандай, 14 жасқа дейінгі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ананың күн сайын бір сағат аз жұмыс істеп, толық жалақысын сақтауына берілетін арнайы кепілдік емес.
Қырғызстандағы бастама заңға айналса, баласын жалғыз тәрбиелейтін азаматтарға жұмыс кестесін отбасылық жағдайына бейімдеуге жаңа мүмкіндік туады.
Әзірге заң жобасы қоғамдық талқылау кезеңінде. Сондықтан жаңа жеңілдік күшіне енген жоқ.
Дегенмен көрші елде көтерілген бұл бастама еңбек қатынастарындағы маңызды мәселені күн тәртібіне шығарды: кәмелетке толмаған баланың күнделікті күтіміне жалғыз жауапты ата-ананың еңбек құқығы мен отбасылық міндеттері қалай үйлестірілуі керек?