Алаяқтардың бөтен адамның атына несие рәсімдеуі – қаржылық қауіпсіздікке төнетін қатердің бірі. Алайда Қазақстанда азаматтардың өз атына қарыз рәсімдеуге алдын ала шектеу қоюына мүмкіндік беретін тегін мемлекеттік қызмет бар. Оны қалай қосуға болатынын және қандай жағдайда қорғай алмайтынын түсіндіреміз, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда «Стоп-кредит» деп аталатын қызмет жұмыс істейді. Оның көмегімен азамат банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарта алады.
Бұл әсіресе жақын арада несие алуды жоспарламайтын адамдар үшін пайдалы.
Қызметті қалай қосуға болады?
-
eGov.kz порталына кіріп, жеке кабинетіңізді ашыңыз.
-
«Сервистер» бөлімінен «Банктік қарыздарды, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін табыңыз.
-
Электрондық өтінішті толтырыңыз.
-
Өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойыңыз.
-
Нәтижесін «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен тексеріңіз.
Мұны eGov Mobile қосымшасы арқылы да жасауға болады. Қосымшадағы қызметтер қатарынан несие алудан ерікті түрде бас тартуды таңдап, өтінішті растау жеткілікті.
Қызмет тегін. Қажет болған жағдайда азамат шектеуді қайта алып тастай алады.
Тыйым салынса, алаяқтар несие ала алмай ма?
Бұл қызмет қауіп-қатерді едәуір азайтады, бірақ барлық қаржылық операцияға бірдей тыйым салмайды.
Мысалы, заңда белгілі бір жағдайларға ерекшеліктер қарастырылған. Олардың қатарында тауардың ақысын тікелей сатушыға аудару арқылы рәсімделетін қарыздар, сол қаржы ұйымындағы қарызды қайта қаржыландыру, белгілі бір лимит шегіндегі кредиттік карталар және кейбір міндетті төлемдерді өтеуге арналған қарыздар бар.
Сондай-ақ «Стоп-кредит» ломбардтар беретін микрокредиттерге қолданылмайды.
Атыңызға бөтен несие рәсімделсе не істеу керек?
Ең алдымен қарыз берген банкке немесе микроқаржы ұйымына ресми шағым түсіріңіз. Несиеге келісім бермегеніңізді көрсетіп, құжаттардың көшірмесін және рәсімдеу деректерін сұратыңыз.
Одан кейін полицияға арыз беріп, қажет болса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгініңіз.
Маңызды жайт: алаяқтық жолмен рәсімделген несие автоматты түрде жойылмайды. Берешекті есептен шығару үшін алаяқтық фактісі мен кредитор тарапынан заң бұзушылықтың болғаны тиісті тәртіппен анықталуы қажет.
Ешқашан ұмытпаңыз!
Банк қызметкері болып хабарласқан адамға SMS-кодты, құпиясөзді немесе банк қосымшасына кіру деректерін айтпаңыз. Телефоныңызға бөтен адамның нұсқауымен қашықтан басқару бағдарламасын орнатпаңыз.
Ең бастысы, «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр, оны тоқтату үшін басқа несие алыңыз» деген сөзге сенбеңіз.
Қаржылық қауіпсіздік алаяққа алданып қалғаннан кейін емес, қауіптің алдын алудан басталады.