Жалақыңызды кешіктірсе, қосымша ақша талап ете аласыз: Жұрт біле бермейтін заң

Жалақыңызды кешіктірсе, қосымша ақша талап ете аласыз: Жұрт біле бермейтін заң

«Ақша түспеді», «басшылық әлі аудармады», «келесі аптада береміз». Жалақы кешіккенде қызметкерлер осындай жауаптарды жиі естиді. Алайда Қазақстан заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші кешіктірілген жалақыны ғана емес, мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл да төлеуге міндетті, деп жазады Democrat.kz.

Жалақы – жұмыс берушінің қызметкерге жасаған жақсылығы емес, атқарылған еңбек үшін заңмен бекітілген төлем.

Сондықтан компанияның қаржылық қиындықтары немесе басшылықтың ауызша уәдесі жалақы төлеу міндетін жоймайды.

Жалақы қашан төленуге тиіс?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет, келесі айдың алғашқы онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс.

Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта көрсетіледі.

Егер жалақы төленетін күн мереке немесе демалыс күніне сәйкес келсе, ақша одан бұрын төленуге тиіс.

Бір күн кешіксе де, өсімпұл есептеле ме?

Иә. Жалақы белгіленген мерзімде төленбесе, жұмыс беруші берешекпен қатар кешіктірілген кезең үшін өсімпұл төлеуге міндетті.

Өсімпұл ҚР Ұлттық Банкінің нақты төлем күніндегі базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген шамасы негізінде есептеледі.

Мысалы, қызметкердің 300 мың теңге жалақысы 10 күнге кешікті делік.

Егер есептеу кезінде базалық мөлшерлеме 16 пайыз болса, өсімпұл шамамен 1 644 теңгені құрайды.

Бұл – есептеу тәртібін түсіндіруге арналған шартты мысал. Нақты сома жалақы бойынша берешекке, кешіктірілген күндер санына және төлем күніндегі базалық мөлшерлемеге байланысты.

Жалақы төленбесе, қайда жүгіну керек?

Алдымен еңбек шартыңыздағы жалақы төлеу мерзімін тексеріңіз.

Жұмыс берушіге жазбаша талап жолдап, берешекті және өсімпұлды төлеуді сұраңыз.

Егер мәселе шешілмесе, жұмыс беруші орналасқан өңірдегі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне шағым беруге болады.

Өтінішті eOtinish.kz порталы арқылы электрондық түрде жолдау мүмкіндігі бар.

Шағымға еңбек шартының көшірмесін, есеп айырысу парақтарын, банк шотындағы үзінділерді және қолда бар өзге дәлелдерді тіркеу қажет.

Жұмыс берушіге қандай жаза қарастырылған?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабына сәйкес, жалақыны уақытында төлемегені және өсімпұл төлеу міндетін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Жұмыс берушінің санатына қарай айыппұл мөлшері 30 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.

Бұл айыппұл қызметкердің қалтасына түспейді. Ол – құқық бұзушылық үшін мемлекетке төленетін әкімшілік жаза. Ал қызметкер өзіне тиесілі жалақы мен өсімпұлды талап етуге құқылы.

Ең маңыздысы не?

Жалақыңыз кешіккен жағдайда тек ауызша уәдеге сүйенбеңіз. Құжаттарды жинаңыз, жазбаша талап қойыңыз және қажет болғанда мемлекеттік органға жүгініңіз.

Өз еңбегінің ақысын уақытында алу – әрбір жұмыскердің заңды құқығы.

Барлық жаңалықтар