«Сәлеметсіз бе?»: Мектептерде жаңа тәртіп әзірленіп жатыр

«Сәлеметсіз бе?»: Мектептерде жаңа тәртіп әзірленіп жатыр

Қазақстан мектептерінде оқушыларды дұрыс амандасуға үйрету тәрбие жұмысының тұрақты бөлігіне айналуы мүмкін. Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр балалардың сәлемдесу әдебін күнделікті қалыптастыруды ұсынып, екі министрге арнайы сауал жолдаған. Оқу-ағарту министрлігі бұл бастаманы қолдап, арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге кірісті, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда мектеп оқушыларын қазақтың дәстүрлі амандасу әдебіне үйрету мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілді.

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр 9 қыркүйекте Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдап, амандасу мәдениетін білім беру ұйымдарындағы күнделікті тәрбиенің ажырамас бөлігіне айналдыруды ұсынды.

Депутаттың пікірінше, баланы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйрету тек сынып сағаттарымен немесе арнайы іс-шаралармен шектелмеуге тиіс.

«Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты», – деді Ерлан Сайыр.

Ол мәдениетті тек өнер, театр мен мұражай арқылы бағалау жеткіліксіз екенін атап өтті.

Қазақы амандасудың ерекшелігі неде?

Депутат қазақ халқының амандасу дәстүріне ерекше тоқталған.

Оның айтуынша, қазақ қоғамында сәлемдесу жай ғана амандық сұрасу емес, адамдар арасындағы сыйластықты, туыстық байланысты және үлкенге құрметті білдіретін маңызды дәстүр саналады.

«Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық», – деді ол.

Ерлан Сайырдың пайымдауынша, әр халықтың амандасу салтынан оның ұлттық болмысын аңғаруға болады. Сондықтан қазақы амандасу мәдениетін сақтау ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бір жолы ретінде қарастырылуға тиіс.

Осыған байланысты депутат амандасу әдебін мектептердің күнделікті тәрбие жұмысына енгізуді, мұғалімдердің жеке үлгісі мен ата-аналармен бірлескен тәрбие арқылы қалыптастыруды ұсынды.

Бастама тек мектептермен шектелмейді. Ұлттық әдеп нормаларын балабақшалар, колледждер мен жоғары оқу орындарының тәрбие жұмысына енгізу мәселесі де көтерілген.

Министрлік қандай шешім қабылдады?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 12 қазанда депутаттың сауалына ресми жауап беріп, амандасу әдебіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Бұл жұмысқа Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тартылған. Арнайы жұмыс тобы құрылған.

Министрліктің мәліметінше, ұсынымдарды әзірлеу кезінде педагогтердің, ата-аналардың, мемлекеттік органдардың және басқа да мүдделі тараптардың пікірлері ескеріледі.

Құжат дайындалғаннан кейін депутаттармен қосымша талқылау жүргізу жоспарланған.

Қазіргі уақытта Қазақстанның 20 877 білім беру ұйымында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында өзара сыйластық, жауапкершілік, әдептілік және ұлттық құндылықтар мәселелері қамтылған.

Амандасу мәдениетіне қатысты жаңа ұсынымдар да осы тәрбие жұмысының мазмұнын толықтыруға бағытталмақ.

Әзірге оқушылардың қалай амандасуға міндеттелетіні, арнайы талаптар белгілене ме және олардың орындалуы қалай қадағаланатыны туралы түпкілікті ережелер жарияланған жоқ.

Сондай-ақ амандасу әдебінің жеке пән ретінде енгізілетіні немесе оны сақтамаған оқушыларға қандай да бір жаза қолданылатыны жөнінде ресми шешім жоқ.

Осылайша депутаттың ұсынысы министрлік деңгейінде қолдау тауып, әдістемелік құжат әзірлеу кезеңіне жетті.

Ал оқушылардың күнделікті мектеп өмірінде амандасу әдебі нақты қалай қалыптастырылатыны әзірленіп жатқан ұсынымдар бекітілгеннен кейін белгілі болмақ.

Барлық жаңалықтар