Ресейдің Иркутск облысындағы обаға қарсы институтта жұмыс істеген 28 жастағы әйелдің өліміне қатысты тексеріс жүріп жатыр. Онымен байланыста болған 197 адам медициналық бақылауға алынған, деп жазады Democrat.kz.
Ресейлік және халықаралық басылымдардың мәліметінше, қайтыс болған әйел — Дарья Шипилова. Ол Иркутскідегі Сібір және Қиыр Шығыс обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында лаборант болып жұмыс істеген. Әйел Шелехов аудандық ауруханасында көз жұмған.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде оның өкпе обасын жұқтыруы мүмкін деген ақпарат тарады. Кей жарияланымдарда зертханада қауіпті қоздырғыш салынған пробирка сынғаны туралы нұсқа айтылған. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.
Роспотребнадзор 4 қазанда қызметкерге «себебі анықталмаған пневмония» диагнозы қойылғанын мәлімдеді. Бұл өкпе қабынуының нақты себебі әзірге анықталмағанын білдіреді. Ведомствоның хабарлауынша, зерттеу барысында әйелден оның кәсіби қызметімен байланысты микроорганизмдер табылмаған.
Институттағы биологиялық қауіпсіздікті тексерген комиссия да патогенді микроорганизмдермен жұмыс істеу кезінде апат болғанын анықтамаған. Роспотребнадзор институт қызметкерлері арасында соңғы он күнде инфекциялық ауруға байланысты медициналық көмекке жүгіну жағдайлары тіркелмегенін хабарлады.
Соған қарамастан, өңірде індетке қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. AP агенттігінің Шелехов мэрі Максим Модинге сілтеме жасап хабарлауынша, аудандық аурухананың стационарына карантин енгізіліп, науқастарды қабылдау мен шығару тоқтатылған. Ал емхана қалыпты жұмысын жалғастырған.
Роспотребнадзор басшысы Анна Попова Иркутскіге барып, облыс губернаторы Игорь Кобзев және жергілікті мамандармен жағдайды талқылаған.
Шелеховтағы Иркутск алюминий зауытында да маска тағу тәртібі енгізілген. Кәсіпорын басшылығы мұны алдын алу шарасы деп түсіндірген.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 5 қазанда Иркутск облысындағы жағдайды бақылап отырғанын мәлімдеді. Министрлік жариялаған дерек бойынша, 197 адам медициналық бақылауда. Оларда ауру белгілері анықталмаған, зертханалық зерттеулердің нәтижелері теріс болған.
Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Министрліктің мәліметінше, көліктің барлық түрінде дене қызуы көтерілген, ауру белгілері бар немесе аса қауіпті инфекцияға күдік туған адамдар анықталмаған. Инфекцияның елге әкеліну қаупі алдын ала төмен деп бағаланған.
Ал әлеуметтік желідегі жазбада айтылған 6 қазаннан бастап тасжолдарға бақылау-өткізу бекеттерін қою, өңірге кіру мен шығуды шектеу туралы мәліметті растайтын ресми шешім әзірге табылмады. Екінші қызметкердің қайтыс болғаны туралы ақпарат та тексерілген сенімді деректерде расталмаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, обаны Yersinia pestis бактериясы тудырады. Оның өкпелік түрі адамнан адамға тыныс жолдарынан бөлінетін жұқпалы бөлшектер арқылы таралуы мүмкін. Диагноз зертханалық зерттеумен расталады. Ауру ерте анықталса, антибиотикпен емдеу тиімді.
5 қазандағы ресми мәліметте Иркутск облысында оба жағдайы анықталғаны расталмаған. Қызметкердің сырқаттану себебі мен ықтимал жұқтыру жағдайлары зерттеліп жатыр. Қазақстан министрлігі қауіптің бағасы жаңа ресми ақпарат түскен сайын нақтыланатынын хабарлады.