2024 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл құжат мемлекет дамуының стратегиялық бағдарын ғана емес, қоғамның ұзақ мерзімді құндылықтарын айқындап берді. Жолдаудағы бастамалар бүгінде іс жүзінде жүзеге аса бастады. Олардың орындалу қарқыны – Президенттің «Жолдау – уәде емес, нақты іс-қимыл жоспары» деген ұстанымының айқын дәлелі.
Саяси жүйе саласында басты жаңалық – жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау болды. Осыған сәйкес аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадам халықтың саяси мәдениетін көтеріп, билікке сенімді арттырды. Алғашқы сайлаулардың нәтижесі сайлаушылардың белсенділігі күткендегіден жоғары болғанын, үміткерлер қатарында жастар мен әйелдердің үлесі артқанын, сондай-ақ жергілікті басқару органдарының шешім қабылдауына тұрғындардың ықпалы күшейгенін көрсетті. Мұндай өзгерістер демократиялық институттардың орнығуына және ел азаматтарының саяси қатысуына жаңа серпін берді.

Экономика саласында да маңызды қадамдар жасалды. Президент шағын және орта бизнесті ұлттық экономиканың тірегі деп атап, оны қолдауға ерекше басымдық берді. Соның нәтижесінде 17 мың жобаға қолдау көрсетіліп, 1 триллион теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді. 310 миллиард теңгеге кепілдік ұсынылып, 15 мың кәсіпкер оқытудан өтті және 135 мың бизнес иесі кәсіби кеңес алды. Бизнеске жасалған мұндай қолдау шаралары жұмыс орындарының көбеюіне және өңірлердің дамуына серпін берді. Сарапшылардың пікірінше, экономикалық өсімнің жаңа драйвері дәл осы шағын және орта кәсіпкерлік болмақ.
Энергетикалық қауіпсіздік те Жолдаудағы басты тақырыптардың бірі болды. Президент АЭС құрылысы жөніндегі шешімді қоғам талқысына шығарып, халықтың таңдауына жүгінді. 2024 жылдың қазан айында өткен референдум нәтижесінде азаматтардың басым бөлігі АЭС құрылысына келісім берді. Бұл ел тарихында демократиялық шешім қабылдаудың жарқын үлгісі ретінде есте қалды. АЭС салу Қазақстанға тұрақты энергия көзін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа технологияларды игеруге және жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге күн, жел және гидроэнергетика саласындағы баламалы энергия жобалары да жалғасын табуда.

Цифрландыру саласында жасанды интеллект дәуіріне қадам жасалды. Президенттің тапсырмасымен Астанада Ұлттық жасанды интеллект орталығы ашылды. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, ІТ-мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту және бизнеске технологиялық қолдау көрсету. Қазіргі таңда электронды үкімет жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп, денсаулық сақтау, білім беру және көлік салаларында пилоттық жобалар іске қосылуда. Бұл өзгерістер халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, мемлекеттік аппараттың жұмысын жеңілдетуде.

Әлеуметтік саясат та назардан тыс қалған жоқ. Президенттің бастамасымен «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылып, әлеуметтік төлемдер ашық әрі әділ түрде жеткізіле бастады. Жүйе артық бюрократияны жойып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді. Алғашқы нәтижелер бұл жобаның мұқтаж азаматтарға көмекті уақытылы жеткізе алатынын көрсетті.
Білім мен еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Қазіргі таңда колледждер мен оқу орталықтарында техникалық мамандықтарға қабылдау көлемі артып, дуальды білім беру жүйесі кеңейтілді. Кәсіпорындармен ынтымақтастық нығайып, жастардың өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі кеңейді. Бұл бастама еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлауға жағдай жасап, ел экономикасына қажетті кадрлар қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бағытында да нақты шаралар қабылданды. Интернет алаяқтықпен күрес үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Жол-көлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық жүйелер енгізілуде. Әскердегі тәртіп бұзушылықтарды болдырмау үшін бақылау тетіктері күшейтіліп, денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығын шешу мақсатында жаңа гранттар мен резидентуралық орындар ашылды. Бұл шаралар қоғамдағы тәртіпті нығайтып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырды.

Қорытындылай келгенде, 2024 жылғы Жолдау ел тарихындағы маңызды кезеңнің бастауы болды. Оның аясында қабылданған шешімдер бүгінгі күні нақты нәтижесін бере бастады. Демократиялық саяси жүйе қалыптасып, экономикада кәсіпкерліктің үлесі артып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тарихи шешім қабылданып, цифрлық трансформация жаңа дәуірдің есігін ашты. Әлеуметтік саясат әділдікке негізделіп, білім мен еңбек нарығында жаңа бағдар айқындалды. Жолдаудағы әрбір бастама Қазақстанды әділетті қоғам құруға, тұрақты экономикалық даму жолына түсіруге бағытталған. Бұл өзгерістер елдің стратегиялық мақсаты – Әділетті Қазақстанды құруды шынайы іске айналдырып келеді.
Democrat.kz.