Белсенді педагог, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы білім саласындағы жемқорлық пен шешімі табылмаған проблемаларға қатысты Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға өз ұсынысын жолдады деп жазады Democrat.kz.
"Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек»
Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ханымға ұсыныс:
Түркістан Облысының Білім Басқармасы на қарасты аудандық білім бөлімдерінен 12 млрд теңгеге жуық қаржы ұрланғаны анықталса да, Білім Басқармасы басшылығының қылдары да қисайған жоқ.
Мейлі, Басқарма басшысы өткен жылы келді делік, ал бұрыннан келе жатқан орынбасарлары неге жауап бермейді? Сондай-ақ Түркістан облысында репутациясынан айырылған директорлар Шымкент қаласына, Шымкент қаласында репутациясынан айырылған директорлар Түркістан облысына басшы немесе жетекші қызметтерде орналасып жатыр.
Репутациясынан айырылғандарға "волчий_билет" беретін заң қабылдайтын уақыт жетті.
І Блок: Субъективті бағадан — Нақты заңды өлшемдерге көшу
«Репутациядан айырылу» деген ұғым құқықтық емес, моральдық категория болғандықтан, оны сотта немесе комиссияда дәлелдеу мүмкін емес.
Сондықтан «волчий билет» заң тілінде «Теріс уәждермен босатылған басшыларға лауазымдық шектеу қою» деп аталып, оның нақты өлшемшарттары бекітілуі тиіс.
Шектеу қоюға негіз болатын заңды алғышарттар:
🔹️Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері
Сот шешімімен кінәлі деп танылмаса да, мемлекеттік аудит немесе тексеріс нәтижесінде мекемеде ірі қаржылық заң бұзушылықтардың анықталуы және басшының оған тікелей салғырттығы.
🔹️Мемлекеттік қызметшілердің немесе Педагогтардың әдеп кодексін бұзу
Әдеп жөніндегі кеңестің немесе білім басқармасы жанындағы Тәртіптік кеңестің басшыға қатысты «лауазымына лайық емес» деген ресми қорытындысы.
🔹️Еңбек ұжымындағы тұрақсыздық
Ұжым мүшелерінен (мұғалімдерден) немесе ата-аналардан түскен шағымдар негізінде жүргізілген тексеріс барысында басшының қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны (қысым көрсету, негізсіз жазалау) дәлелденуі.
🔹️Кәсіби жарамсыздық
Мектептің білім сапасы көрсеткіштерінің негізсіз құлдырауы немесе басшының міндетті аттестациядан (сертификаттаудан) өте алмауы.
ІІ Блок: «Кадрлық карусельді» тоқтататын құқықтық тетіктер
Бүгінгі таңда мектепке директор тағайындау сияқты ашық постылар әлеуметтік желіде жарияланғанымен, бұл тек фактіні баяндау ғана. Оған дейінгі іріктеу сүзгісін заңмен бекіту керек.
«Теріс уәждермен босатылғандардың» бірыңғай реестрі
Оқу-ағарту министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлескен, өңірлік шекараларға бағынбайтын бірыңғай электронды база құруы қажет. Бір өңірде өз еркімен емес, «тәртіптік шаралар негізінде» жұмыстан кеткен басшы автоматты түрде осы тізімге енуі тиіс.
🔸️️Мерзімді мораторий (Шектеу мерзімі) Конституцияға қайшы келмес үшін «өмір бойғы тыйымды» тек қылмыстық істерге қалдырып, әкімшілік және этикалық бұзушылықтар үшін 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге кез келген өңірде басшылық (жетекші) лауазымға конкурсқа қатысу құқығынан айыру нормасын енгізу.
Экстратерриториалды тексеру
Конкурстық комиссия міндетті түрде үміткердің соңғы 5 жылдағы басқа өңірлердегі (мысалы, Шымкенттен Түркістанға немесе керісінше ауысқанда) жұмыс тарихын, еңбек шартының қай баппен бұзылғанын ресми сұрату арқылы тексеруге міндеттелуі шарт.
ІІІ Блок: Нақты іс-қимыл алгоритмі (Парламент пен Мәслихат деңгейінде)
Бұл идеяны декларациядан нақты заңға айналдыру үшін келесі үш қадам жүзеге асырылуы тиіс:
Бірінші қадам (Заңнамалық деңгейде) Ұлттық Құрылтай депутаттары арқылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға және ҚР Еңбек кодексіне «Білім беру ұйымының басшысын теріс уәждермен жұмыстан босатудың салдары» атты арнайы бап енгізуге бастамашы болу. Онда басшының өзге өңірде де дәл сондай лауазымға уақытша бара алмайтыны тайға таңба басқандай жазылуы керек.
Екінші қадам (Өңірлік деңгейде)
Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мәслихаттары деңгейінде Білім басқармаларына конкурстық іріктеу ережелеріне жергілікті «репутациялық сүзгі» (бұрынғы жұмыс орнынан міндетті кепілдеме-хат және этикалық аудит) енгізу туралы шешім қабылдатқызу.
Үшінші қадам (Қоғамдық бақылау деңгейінде)
Министрлік пен әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестердің құзыретін арттырып, кез келген даулы тағайындау бойынша Қоғамдық кеңестің вето (тыйым салу) қою құқығын заңдастыру.
Түйін
«Волчий билет» — бұл репрессия құралы емес, жүйенің өзін-өзі тазарту механизмі болуы тиіс.
Заң техникасы тұрғысынан сауатты рәсімделген 3–5 жылдық шектеу мен ашық реестр ғана Түркістан мен Шымкент арасындағы кадрлық «туризмді» тоқтатып, білім саласына тек таза, беделді және кәсіби мамандардың келуіне жол ашады", дейді Өмір Шыныбекұлы.