"Мектеп ремонты": Тонналап түсірілген бояуды қабырғаға кім жағуы керек?

"Мектеп ремонты": Тонналап түсірілген бояуды қабырғаға кім жағуы керек?

Қоғам белсендісі, мемлекеттік қызметкер Әлжан Сапарбеков жыл сайын осы уақытта туындайтын мектеп ремонтына қатысты тұщымды жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

Әлжан Сапарбеков аталған мәселе бойынша қарапайым дүниелер мен заңдардың тізбесін анықтап айтып берді. 

Өз жазбасында ол: "Жақында брифингте бір журналист қарындасымыз Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменоваға мектептерді ағымдағы және күрделі жөндеуден (косметикалық жөндеу) өткізу туралы сұрақ қойды. Бірақ, өкінішке орай, мәселенің түпкі тамырын аша алмай, бетін қалқып өтті.

Министр де, журналист те ағымдағы және күрделі жөндеу мен мердігерлердің міндеті екенін айтып, заңды жауаппен шектелді. Бірақ бұл — біздің эрамызға дейін шешіліп қойған, бәріне белгілі нәрсе. Журналист неге сұрақты дұрыс қоя алмағанын талдап берейін.

Мәселе мүлдем басқада. Нақты өмірдегі мына бір қарапайым схема бар:

 

1. Жыл сайын білім ұйымдарын сырлауға, әктеуге (краска, әк, т.б.) бюджеттен ақша бөлінеді.
2. Мемлекеттік сатып алу басқармасы конкурсты ойнатып, жеңімпазды анықтайды және тауарды мектептің қоймасына түсіріп береді.
3. Ал ары қарай не болады? Міне, бас қатыратын бас катырғыш осы жерден басталады. Мектепке жеткізілген тонналанған бояуды қабырғаға КІМ ЖАҒУЫ КЕРЕК? Бұл схема еш жерде нақтыланбаған!

 

Практикада:
Мұғалімдер арасында «Педагог мәртебесі туралы» заң шыққанға дейін жергілікті атқарушы органдар бұл жұмысты мұғалімдерге мәжбүрлеп орындатқызатын.

Журналист қойып отырған әркім өз кабинетін жасайды деген мәселе жайдан-жай шықпаған. Қазір ұстаздар заңды құқығын талап етіп, бұдан бас тартты. Олардыкі 100% заңды!

Кіші техникалық қызметкерлер: Директорлар амалсыз жұмысты соларға жүктегісі келеді. Бірақ бұл олардың лауазымдық міндеттеріне (должностная инструкция) КІРМЕЙДІ! Олар үшін бұл қосымша еңбекақы төленуі тиіс, бөлек жұмыс.

Нәтижесінде, мектеп директоры заң мен шындықтың арасында, «басы бәлеге қалған» жалғыз фигура болып қала береді. Материал бар, бірақ оны қолданатын заңды жұмыс күші жоқ.

 

Мінбердегі азаматтар, депутаттар мен реформаторлар! Барлығымыз бір-бірімізге қарап «ежелгі ақсүйек» ойыны еске түседі. Сүйек мүлдем басқа бағытқа лақтырылған, ал біз айдаладағы басқа нәрсені қозғап жүрміз. Сырлау жұмыстарының тек материалын емес, оны орындайтын жұмыс күшінің де қаржыландырылуын немесе штатын нақтылайтын құқықтық алгоритм жасау керек.

 

Мектеп директоры құрылыс бригадасының бригадирі емес! Бұл мәселені жүйелі түрде, заңанама арқылы шешетін уақыт жетті", дейді Әлжан Сапарбеков. 

Барлық жаңалықтар