Қазақстан мен Оңтүстік Корея бірлескен инвестициялық қор құру мәселесін талқылап жатыр. Алғашқы кезеңде қор капиталы 200 млн доллар болуы мүмкін, кейін оның көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу көзделеді, деп жазады Democrat.kz.
Жоба «Бәйтерек» холдингі мен Кореяның мемлекеттік KIND корпорациясы арасындағы келіссөздер аясында қарастырылуда.
Бастапқы кезеңде Қазақстанның Qazaqstan Investment Corporation және кореялық KIND компаниясы қорға 100 млн доллардан салуы мүмкін.
Осылайша алғашқы капитал 200 млн доллар болады.
Кейін жеке және институционалдық инвесторларды тарту арқылы қор көлемін 1 млрд долларға дейін өсіру жоспарланып отыр.
Қаражат Қазақстандағы инфрақұрылымдық, өндірістік және технологиялық жобаларға бағытталуы мүмкін.
Жоба Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы экономикалық байланысты дайын өнім саудасынан бірлескен өндіріс пен инвестиция деңгейіне көтеруді көздейді.
Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары аясында талқыланып жатыр.