Қызылорда облысында көгалдағы хоккей жаттықтырушысы кәмелетке толмаған тәрбиеленушісіне жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетіп, кейін оны бопсалап келген деген күдікпен қамауға алынды. Іс бойынша тағы бір адам тергеліп жатыр, деп жазады Democrat.kz «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, оқиға 2024 жылы Талдықорғанда өткен жарыс кезінде басталған. Тергеу нұсқасы бойынша, 38 жастағы жаттықтырушы 14 жастағы қыздың сусынына ұйықтататын зат қосып, есінен танған сәтін пайдаланған.
Жәбірленушінің айтуынша, есін жиғаннан кейін не болғанын түсінген. Осыдан соң жаттықтырушы оны бейнежазбамен қорқытып, болған жайтты ата-анасына жариялайтынын айтып бопсалаған.
Қыздың сөзінше, күдікті өзінің «ықпалды таныстары барын» айтып, шағымданған жағдайда отбасының өзіне қысым жасалатынын айтып қорқытқан.
Жасөспірім көрген қорлығы туралы жақындарына тек екі жылдан кейін ғана айтуға батылы жеткен.
Осыдан кейін отбасы күдіктімен кездескен. Алайда жанжал кезінде қыздың ағасы қамауға алынып, анасына үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Жәбірленушінің туыстары бұл жағдайға наразы.
Қызылорда облыстық полициясының мәліметінше, іс бойынша екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
«Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталды. Қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деді облыстық тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Сәулебеков.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбай отыр.
Жәбірленуші тарап істің сотқа тезірек жолдануын талап етуде. Күдіктілердің кінәлі не кінәсіз екенін сот анықтайды.