Қытайда нөсерден 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Қытайда нөсерден 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Қытайдың Хайнань провинциясында бірнеше күнге созылған қатты нөсерден 31 564 адам қауіпті аумақтан көшірілді. Кей аудандарда жауын-шашын мөлшері 450 миллиметрден асып, су тасқынына қарсы төтенше режим ең жоғары деңгейге көтерілді, деп жазады Democrat.kz.

Хайнань билігінің мәліметінше, адамдар су басу қаупі жоғары елді мекендерден алдын ала эвакуацияланған.

Жұмадан жексенбіге дейін провинцияның алты қаласы мен уезіндегі 24 елді мекенде 300 миллиметрден астам жауын жауған.

Ваньнин қаласындағы Чанфэн елді мекенінде 452,1 миллиметр жауын-шашын тіркелді.

Су тасқыны қаупіне байланысты Хайнаньдағы төтенше әрекет ету деңгейі екінші сатыға көтерілген.

Ал Ваньнин қаласында ең жоғары — бірінші деңгейлі төтенше режим енгізілді.

31 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілгенімен, алғашқы ресми мәлімет бойынша ірі апаттар немесе жаппай адам шығыны тіркелмеген.

Құтқару қызметтері өзен деңгейі мен көшкін қаупін бақылауды жалғастыруда. 

Барлық жаңалықтар