«Биыл Мұғалімдер күніне премия аласың!» деген әзіл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ұстаздар мерекелік сыйақыдан бастап кешіккен жалақыға дейінгі мәселелерін жарыса жазды. Бірі 50 мың теңге күтсе, енді бірі «ең болмаса айлығымыз уақытында түссін» деп отыр деп жазады Democrat.kz.
Threads желісіндегі «Аузым дуалы, биыл Мұғалімдер күніне премия аласың!» деген жазба бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған адамның назарын аударған. Пікір алаңына жиналған мұғалімдердің жауаптары әзілге толы болғанымен, олардың астарынан ұстаздардың қазіргі көңіл күйі де анық байқалады.
Бір қолданушы:
«Әгәрәки берсе, 1000 теңге сүйінші саламын», – деп әзілдеген.
Екіншісі:
«Аумин, мен де 1000 салам сүйіншіге», – деп қостайды.
Ал тағы бір мұғалім тіпті нақты мөлшерін де «естіп қойғанын» айтып:
«50 мың теңге дейді», – деп жазған.
Бірақ мұндай оптимизмге сенбегендер де аз емес.
«Аузыңа май!»
«Бәлкім, ең болмаса бір шоколад...»
«2000 теңге дейді ғой», – деген қалжың аралас пікірлер жазылған.
«Премия емес, айлықты күтіп жүрміз»
Пікірлердің арасында ең көп назар аудартқаны – жалақы мәселесі.
Бір мұғалім:
«Айлыққа жете алмай отырғанда премияны ойлап тұрған жоқпыз», – десе,
тағы бірі:
«Айлығымыз айдың аяғына дейін түссе, соған да разымыз», – деп жазған.
Тағы бір пікірде:
«Айлық қашан түседі екен деп жүрміз әуелі», – делінген.
Ал келесі қолданушы:
«Зарплата бәріне түскеніне мәз болып жатыр ғой», – деп жағдайды әзілге айналдырған.
Яғни мерекелік сыйақы жайлы әңгіме басталғанымен, бірқатар мұғалім үшін бүгінгі басты мәселе – премия емес, негізгі жалақының уақытылы төленуі.
«Астана мен Алматыға ғана беріп жүрмесін»
Өңірлердегі мұғалімдер де пікір қалдырған.
Бір ұстаз:
«Тек Астана мен Алматыға ғана береді ғой. Бізге жылдағыдай дым да жоқ шығар», – деп жазды.
Тағы бір қолданушы премия немесе марапат берілген күннің өзінде оның барлық педагогке бірдей жетпей қалатынына алаңдаған.
«Басқа мұғалімдерге берілсе, жас мамандар да алу керек», – деген пікір де бар.
Ал зертхана қызметкерлерінің бірі:
«Лаборанттарға қатысы жоқ шығар иә?» – деп сұраған.
Бұл пікірлер педагогтер арасындағы тағы бір мәселені көрсетеді: мерекелік төлем немесе марапат болған жағдайда оның кімге, қандай талаппен берілетіні көпшілікке әрдайым анық бола бермейді.
Бірі 50 мың күтеді, бірі донерге де разы
Талқылау арасында мұғалімдердің қалжыңы да таусылмаған.
Бір қолданушы:
«Маған бір донер», – десе,
тағы бірі:
«2600 теңге керек еді», – деп жазған.
«Өмірі алмаған премияны алсақ, қандай күйде болар екенбіз?» деген пікір де көпшілікті күлдірген.
Тағы бір мұғалім:
«Премия алмасам да, лайықты бір марапат алатын шығармыз деп отырмыз», – деп үміт білдірген.
Әлеуметтік желідегі бұл пікірлер барлық қазақстандық педагогтің көзқарасын білдірмейді. Дегенмен бір ғана әзіл жазбаның айналасына жиналған жауаптардың өзінен ұстаздар арасында Мұғалімдер күні қарсаңында премияға деген үмітпен қатар жалақы, өңірлер арасындағы айырмашылық және марапаттың әділ бөлінуі жөніндегі сауалдардың да бар екенін байқауға болады.