Абай ұлттық мектебінде 10,3 млрд теңге желге ұшқан

Абай ұлттық мектебінде 10,3 млрд теңге желге ұшқан

«Абай ұлттық мектебі» РММ-де жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімет таратты деп жазады Democrat.kz. 

2026 жылғы мамыр–маусым айларында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ішкі аудит департаменті «Абай ұлттық мектебі» РММ қызметіне ішкі мемлекеттік аудит жүргізді. Аудит 2023 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңді қамтыды.

Аудит нәтижесінде мектеп қызметінде жалпы сомасы 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 10,4 млрд теңге қаржылық бұзушылықтарға жатады. Бұл қаражаттың 10,2 млн теңгесі республикалық бюджетке қайтарылуға, ал 10,4 млрд теңгесі қалпына келтірілуге жатады.

Аудит барысында 2,8 млн теңге республикалық бюджетке қайтарылып, 16,3 млн теңге көлеміндегі негізгі құралдар мектеп балансына есепке алынды.

Сонымен қатар жалпы сомасы 370,6 млн теңге болатын рәсімдік бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 34,5 млн теңге бюджет қаражатының тиімсіз немесе мақсатсыз пайдаланылуына, ал 336,0 млн теңге мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарының бұзылуына қатысты.

Аудит қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін 4 материал жолданды.

Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша 24 әкімшілік айыппұл салуға қатысты материалдар уәкілетті органдарға жіберілді.

Тексеру барысында мектеп мүлкін есепке алу жұмыстарының талапқа сай жүргізілмегені анықталды. Соның салдарынан 2,4 млн теңге көлеміндегі мүлік есептен тыс қалып, жоғалған.

Бұдан бөлек, бірқатар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша мердігерлер шарттық міндеттемелерін толық орындамағаны анықталды. Атап айтқанда, жөндеу, монтаждау және абаттандыру жұмыстары толық көлемде орындалмаған, кейбір жағдайларда шартта көзделген жұмыстардың орнына өзге жұмыстар атқарылған немесе басқа тауарлар жеткізілген. Соған қарамастан орындалмаған немесе толық орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражаты толық көлемде төленген.

Педагогтерге қосымша ақы төлеу кезінде де қолданыстағы заңнама талаптарының сақталмағаны анықталды.

Кейбір қызметкерлерге жоғары біліктілік санаты тиісті негіздерсіз қолданылып, олар аттестаттаудан өтпесе немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмесе де қосымша ақы төленген. Сонымен қатар бір педагогтің 8 жыл бойы аттестаттаудан өтпегені белгілі болды.

Аудит барысында кейбір тәрбиешілердің қажетті біліктілік сертификаты болмаса да, пән мұғалімдерінің орнына уақытша сабақ бергені анықталды. Бұл білім беру сапасына және оқушылардың оқу нәтижелеріне кері әсер етуі мүмкін тәуекел ретінде бағаланды.

Мектептің білім беру қызметіне қатысты мемлекеттік лицензиясында да кемшіліктер анықталды. Лицензия 2007 жылы берілгенімен, кейін электрондық форматқа ауыстырылмаған әрі лицензияға қажетті қосымша құжаттар рәсімделмеген. Соған қарамастан мектеп 2023 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өткен. Бұл лицензиялау талаптарының сақталуын бақылау жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмегенін көрсетеді.

Аудит сондай-ақ мектепте пәндік олимпиадаларға дайындық жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылмағанын көрсетті.

Дарынды оқушыларды ерте кезеңнен анықтау, оларды тәжірибелі педагогтерге бекіту және тұрақты дайындық жүйесін қалыптастыру жұмыстары жеткілікті деңгейде жолға қойылмаған.

 Бұл мектептің республикалық деңгейдегі олимпиадалық көрсеткіштеріне және «Үздік мектеп», «100 үздік олимпиадалық мектеп» сияқты рейтингтердегі нәтижесіне әсер етуі мүмкін.

Жалпы аудит қорытындысы мектеп қызметінде жүйелі сипаттағы бірқатар кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, заңнама талаптарының толық сақталмауы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің тиісінше жүргізілмеуі, бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы, мемлекеттік сатып алу талаптарының бұзылуы, сондай-ақ басқару және ішкі бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігі анықталды.

Қорытындылай келе, аудит нәтижелері мектепте қаржыны, мемлекеттік мүлікті және құжат айналымын есепке алу жүйесін жетілдіру, ішкі бақылауды күшейту және басқару тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетті.

 Анықталған бұзушылықтардың негізгі себептері ретінде басқару деңгейінің әлсіздігі мен ішкі бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігі атап өтілді.

Барлық жаңалықтар