Алматыда көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топтың 13 мүшесі сотталды

Алматыда көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топтың 13 мүшесі сотталды

Алматыда автомобильдердің VIN-кодтарын өзгертіп, оларды ақпараттық жүйелерде заңсыз тіркеумен және көлік сату кезіндегі алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесіне сот үкімі шықты. Оларға сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп жазады Democrat.kz.

Ішкі істер министрлігі 27 қыркүйекте ұйымдасқан қылмысқа қатысты биыл сотқа жеткен істердің қорытындысын жариялады.

Алматыдағы істердің бірінде 13 адам автокөліктерді заңсыз тіркеу, VIN-кодтарды өзгерту, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерге араласу және көлік сату кезінде алаяқтық жасау фактілері бойынша жауапқа тартылған.

Сот қылмыстық топ мүшелеріне сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ІІМ мәліметінше, Қазақстан бойынша жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жіберілген.

Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаған қылмыстық қауымдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесі 13 жылға дейін сотталды.

Қызылордада кәсіпкерлерден жүйелі ақша бопсалаған сегіз адам 11 жылға дейін, ал Астанада есірткі сатумен айналысқан топтың ұйымдастырушысы 17 жылға бас бостандығынан айырылған. 

Барлық жаңалықтар