Екі аптадан бері білім саласы мамандары арасында қызу талқыға түсіп жатқан "мұғалімдер аттестациясындағы жаңалық" тақырыбына қатысты белсенді ұстаз Мейіржан Темірбек пікір білдіріп, мәселенің заңды тұсына тоқталды деп жазады Democrat.kz.
"Педагог аттестациясы — бұл тек санат алу немесе растау процесі емес. Аттестация мұғалімді дамытатын құрал болуы керек. Ол үшін форма емес, мазмұн алға шығуы тиіс. Көрсеткіш емес, шынайы нәтиже бағалануы керек.
Егер аттестация мұғалімге «тағы бір тексеріс» болып көрінсе — онда біз бір нәрсені дұрыс жасамай жатырмыз.
Жаңа министр келсе, мұғалімдер ең алдымен аттестация мәселесін көтереді. Бұл да бекер емес. Бірақ соның соңы тағы да талаптардың өзгеруі, жаңа ережелердің таралуымен аяқталады. Қазірдің өзінде желіде «жаңа талаптар» туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл не қылған жүйесіздік?
2016 жылы қабылданған ережелер биыл 15-ші рет өзгергелі отыр. Алдыңғы министр аттестация процесін уақытша тоқтатып, өзгерістер енгізіп, олар 2025 жылы ғана күшіне енді.
Бар болғаны бір жыл өтті. Енді жаңа министр келіп, тағы өзгеріс енгізбек.
Сонда бұйрықтар ойыншық болғаны ма? Сабақтастық қайда?
Одан да сорақысы — қолданыстағы бұйрыққа қарамастан, аттестацияны тоқтату туралы хаттар тарайды екен. Қашаннан бері бұйрық хатпен тоқтатылатын еді? Артынан тағы бір хатпен «жалғасады, бірақ талаптары өзгереді» делінеді. Егер аттестацияның жүруі не жүрмеуі бір хатқа, оның ішінде вице-министрдің хатына байланысты болса — онда бұйрықтың қажеті қанша?
Тіпті бұйрықты да қоя тұрайық. Онда Педагог мәртебесі туралы заңның 14-бабы не үшін керек?
«Педагогтер аттестаттаудан өтеді, соның нәтижелері бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен біліктілік санаттары беріледі (расталады)».
Бұл тәртіп 83 бұйрықпен реттелген, яғни заңнамалық күші бар. Ол өзгертілмейінше немесе жойылмайынша, ешбір хат оның үстінен жүре алмайды.
Демек, ПББ тапсырған, құжат жүктеген педагогтер ғана емес, өткен жылы және биыл аттестаттауға өтініш берген барлық мұғалімдер белгіленген тәртіппен аттестациядан өтуі тиіс.
«Біреу тест тапсырады, біреу құжат өткізеді» деген жағдай заңға сыймайды.
Заң қатал, бірақ ол — Заң.
Жаңа аттестация модельдерінде көбіне мына «аурулар» қайталанады —
– талаптардың жиі өзгеруі
– процесс пен нәтиженің шатасуы
– цифрлық/формалдық дәлелге тәуелділік
– мұғалімнің нақты жұмысы емес, «көрсету» бағалануы
Ұсынылып отырған талаптарда басты мәселе — олардың өлшенбейтіндігі мен формализмге әкелуі.
Буллингтің алдын алу, суицидтің профилактикасы сияқты көрсеткіштер нақты, объективті өлшемдерге бағынбайды және толықтай мұғалімнің бақылауында емес.
Сонымен қатар жыл сайынғы ашық сабақтардың көптігі, тәрбие сағаттарының сағатпен есептелуі, Scopus/WoS деңгейіндегі мақалаларды талап ету — мұғалімнің шынайы жұмысының сапасын емес, «көрсеткіш жинауды» алға шығарады.
Нәтижесінде аттестация даму құралы болудан қалып, формалды талаптарды орындау жарысына айналу қаупі жалғасады. Үстіне сыбайлас-жемқорлықты одан сайын күшейтетіні сөзсіз.
Сондықтан бүгін мәселе аттестацияның формасында емес, басқару мәдениетінде.
Ереже жыл сайын өзгеретін жүйеде сапа да, сенім де болмайды.
Ал сенім жоқ жерде — ешқандай реформа нәтиже бермейді..."
дейді Мейіржан Темірбек.