"Атыраудағы қанды қылмыс": Ақбаян Мұқанғалиеваның қазіргі жағдайы мәлім болды

"Атыраудағы қанды қылмыс": Ақбаян Мұқанғалиеваның қазіргі жағдайы мәлім болды

Журналист Жанат Молдашова Ақбаянның ауруханадан үйіне шыққанын хабарлады. Оның айтуынша, Ақбаян қазір балаларын танып, оларды сағынғанын айтып жүр. Алайда денсаулығына байланысты ем әлі жалғасуы керек, нақты диагнозы әзірге белгісіз, деп жазады Democrat.kz.

Журналист Жанат Молдашованың жазуынша, Ақбаянның үйіне шыққаны туралы ақпаратты ол бір күн бұрын туыстарынан естіген. Алайда жақындары бұл жаңалықты бірден жарияламауды өтінген.

Бүгін ақпарат түрлі сайттарда тарай бастағаннан кейін журналист жағдайды нақтылап жазды.

Оның сөзінше, Ақбаянды бауырлары балаларына алып барған. Бұған Ақбаянның балаларын жиі сұрап, сағынғанын айтуы себеп болған.

«Балаларым қайда? Сағындым», – деп сұрай берген.

Жақындарының айтуынша, Ақбаян айналасындағы адамдарды танып отыр. Дегенмен оның денсаулық жағдайы толық қалпына келді деуге әлі ерте. Ем қабылдауды жалғастыру қажет.

Журналистің жазуынша, Ақбаянға қойылған нақты диагноз әзірге белгісіз.

Егер жағдайы жақсарып, денсаулығы тұрақталса, балаларын оның өз қолына беру мәселесі де қарастырылуы мүмкін. Алайда бұл шешімді білім бөлімі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

Ақбаянның жақындары әзірге оған ең ауыр жаңалықты айтпаған.

Журналист Жанат Молдашованың мәліметінше, Ақбаян әлі күнге дейін ата-анасы мен бауырларының жоқ екенін білмейді.

«Ең ауыры осы», – деп жазды журналист.

Жанат Молдашова Ақбаянның туыстарымен байланысып, жағдайын тұрақты түрде сұрап отырғанын да жеткізді.

Сондай-ақ ол жақындарына:

«Халықтан қандай қолдау керек, айтыңыздар. Мен елге жеткізейін», – дегенін жазды.

Қазір Ақбаянның денсаулығы мен алдағы тағдырына қатысты шешімдер дәрігерлердің қорытындысы мен арнайы комиссияның шешіміне байланысты болмақ.

 
Барлық жаңалықтар