Әлеуметтік желіде мінсіз отбасы, сәнді өмір, табыс пен танымалдық қана көрінеді. Алайда әнші Роза Әлқожа өнер адамдарының шынайы тұрмысы көп жағдайда сырт көзге байқалмайтынын айтып, сахна сыртындағы өмір туралы ашық пікір білдірді, деп жазады Democrat.kz.
Роза Әлқожа «Kezdesu» бағдарламасына берген сұхбатында қоғамның әншілер туралы қалыптасқан түсінігіне тоқталды. Оның айтуынша, көпшілік өнер адамдарын концерттен мол табыс табатын, қаржылық мәселесі жоқ адамдар ретінде қабылдайды.
Әнші мұндай түсініктің шындықпен әрдайым сәйкес келе бермейтінін айтты.
Оның сөзінше, өнер адамдарының «байлығы» ең алдымен шығармашылық қабілетінде. Ақындық пен сазгерлік кез келген адамға беріле бермейді. Ал күнделікті тұрмыс, несие, қаржылық міндеттемелер көп жағдайда сыртта қалады.
Роза Әлқожа өзінің де кредитсіз өмір сүре алмайтынын жасырмады.
«Кредиттен кредитке жүргеніңді ешкім білмейді. Біз көбіне ашылып сұхбат бермейміз, жылтыраған жағын ғана көрсетеміз», — деген ол әлеуметтік желідегі мінсіз өмір бейнесінің көбіне толық шындықты көрсетпейтінін жеткізді.
Әншінің пікірінше, қоғам жасандылықтан біртіндеп шаршап келеді. Бұрынғыдай үнемі сәндену, мінсіз көрінуге тырысу азайып, адамдар табиғилыққа бет бұра бастаған.
Ол қазіргі адамның күнделікті өмірдегі қарапайым қуаныштарды сезіну қабілеті де бәсеңдеп бара жатқанын айтты. Сондықтан қоғамның табиғилық пен шынайылыққа қайта оралуын белгілі бір өмірлік тәжірибенің нәтижесі деп санайды.
«Бір әйелдің хақысын өтей алмай тұрып, екіншісін алу — нәпсі»
Сұхбат барысында Роза Әлқожа дін мен психологияға қатысты көзқарасын да білдірді.
Оның айтуынша, дін де, психология да қалай түсіндірілгеніне қарай әртүрлі қабылдануы мүмкін. Әнші екі бағыттың түпкі мәнінде адамды кішіпейілдікке, қарапайымдыққа, шынайылыққа және өзін қадірлеуге шақыратын ортақ тұстар бар деп есептейді.
Ол исламдағы әйел мәселесіне қатысты кейбір түсіндірулерді сынға алды.
Әншінің пікірінше, Мұхаммед пайғамбардың әйелдерге деген жұмсақ мінезі мен қарым-қатынасы көбірек үлгі ретінде айтылуға тиіс.
Роза Әлқожа бұрын тоқал алуға қатысты сұраққа бейтараптау жауап бергенін еске алды. Алайда қазір көзқарасы өзгергенін ашық айтты.
«Мен қазір тоқал алуға қарсымын. Бір әйелді бақытты ете алмай тұрып, бір әйелдің хақысын толық бере алмай тұрып, екінші әйел алу — нәпсі», — деді әнші.
Оның бұл пікірі отбасы, дін, ер мен әйелдің жауапкершілігі және өнер адамдарының сыртқы бейнесі мен шынайы өмірінің айырмашылығы туралы әңгімені қайта қозғады.