Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары әрі Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған Жақсылық Омар сотта өз кінәсін түгел мойындады деп жазады Democrat.kz.
Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат шығып, кейінірек ол ақпаратты жалған деп "жауып тастағаны" мәлім.
Әйтсе де, көп өтпей, Өскемен қаласының әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды.
Жергілікті басылымның жазуынша, мемлекеттік айыптаушы Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болған кезде, бір азамат қаланың бір кәсіпорнынан материалдық көмек ретінде автокөлік алуға өтініш бергенін, сол көлікті әкімнің алып қойғанын айтты.
Аталған азаматтың айтуынша, ол Toyota Camry 75 көлігін алып, оны әкімдікке жеткізген. Кейін одан көліктің кілтін әкім алып қойған, ал жәбірленуші содан кейін көлікті қайта көрмеген. Кейінірек автокөлік қайта рәсімделіп, үшінші бір тұлға оны trade-in арқылы жаңа модельге айырбасталған деген болжам бар. Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 млн теңге деп бағаланған, ал Жақсылық Омарға ірі көлемдегі алаяқтық айыбы тағылған.
Сонымен қатар Жақсылық Омар әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге беруді талап етті деген болжам бар. Алайда Жақсылық Омар бұл талап емес, өтініш болғанын айтады. Мемлекеттік айыптаушы мұны жалпы қамқорлық көрсеткені үшін пара алу ретінде бағалаған болатын.
Басылым мәліметінше, Омардың бағынышты қызметкері ҰҚК-ге жүгініп, арнайы қызметтің бақылауымен басшысына 6 млн теңге берген.
Экс-шенеунік кінәсін мойындағаннан кейін, оның адвокаттары оны бас бостандығынан айырмай, басқа жаза кесуді сұрап отыр.
Еске салып өтейік, Жақсылық Омар бұрынғы шенеунік, діндар Бекболат Тілеуханның қарындасына үйленген.