Бекболат Тілеуханның сатқындығы мен діншілдердің екіжүзділігі: Қоғам белсендісі бар шындықты айтты

Бекболат Тілеуханның сатқындығы мен діншілдердің екіжүзділігі: Қоғам белсендісі бар шындықты айтты

Бірнеше уақыттан бері қоғамда жүріп жатқан діни алауыздық мәселесіне қатысты өз басынан өткен шынайы оқиғаны баяндаған қоғам белсендісі Абзал Достияр жұрт сенген кей кісілер туралы шындықты жайып салды деп жазады Democrat.kz.

Алматы -1 вокзалына келіп тоқтаған пойыздан басқалармен бірге түстім, әркімді әртүрлі көлікпен күтіп алып жатты.

Мені Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық зерттеу университетінің  проректоры, “Сенім.Білім.Өмір” бірлестігінің Алматы филиалының жетекшісі Саят Ыбырай қарсы алып межелі жерге жеткізіп салды.

Саят Ыбырайды “Қазақстан” ұлттық арнасындағы “Ақиқат сыйы” бағдарламасының жүргізушісі ретінде білетін едім, жүздесіп тұрғаным осы.

Қызметтік көлігі, жүргізушісі бар екен, көлігі екі есікті жаңа “Нива” екен, түн болғандықтан түсі көк пе, қара ма байқай алмадым, әйтеуір күңгірт түсті болатын.
Саят мырзаның жүргізушісі де осы сопылар тобынан екенін екеуара әңгімелерінен ұқтым.
Менің журфакқа түсуге талпынғанымды естіген Саят Ыбырай: “Сенікі қате болған екен, журфакта  білім жоқ, журналист болу үшін журфакты оқу міндет емес қой, ана Ғалым Боқаш, Қасым Аманжол, Санжар Керімбай деген ағаларың журфакта оқымай-ақ журналист болып жүр”-деп кейіп сөйледі. Үндемедім, бірақ қазір дәл сол ҚазҰУ-дің журфагында білім жоқ екенін екінің бірі айтады.

Жүргізушісімен сөйлесіп отырған Саят Ыбырай сол кезде мен сыйлайтын әнші Бекболат Тілеуханды қатты тілдеп сөйледі.  Түсінгенім- Бекболат Тілеухан сопылардың көсемі Исматулла Мақсұммен кездескен екен, тіпті осылардың қатарына қосылу туралы уәдесін де беріпті, бірақ уақыт созып жүріп-жүріп Қайрат Сатыбалдының ығына жығылып, Исматулламен байланысты үзген екен.

Исматулла бұл жағдайға қатты ашулы көрінеді. Саят Ыбырай: “Тақсыр Бекболат бұл сатқындығы үшін сазайын тартады”-деп айтты деді. Сосын артынша көңілді дауыспен:”Есесіне Дидахмет Әшімхан аға толық біз жаққа өтті, одан бөлек Мекемтас Мырзахметов, Шерхан Мұртаза ағалар сөзімізді сөйлеп отыр, Светқали ағаның өзі не тұрады?”-деп масаттана сөйледі.

Жүргізушісі көпқабатты үйдің алдына келіп тоқтаған соң Саят Ыбырай көліктен түсіп Ниваның алдыңғы орындығын алға қарай еңкейтіп мені түсірді, жылы қоштастық.

Жүргізушісі мені ертіп көпбатты үйдегі пәтерге алып келіп сондағы 5 жігітке:”Абылайдың інісі”-деп таныстырып қалдырып кетті. Пәтердегі жігіттермен танысып сөйлесіп отырдым, студент жігіттер екен, әңгімелері: “Мен Ғалым Боқаш сияқты боламын, мен Санжар Керімбай боламын” -деген сөздерден тұрады екен.

Таңертең басқа жігіттер келіп “Мамыр” ақшамауданындағы Исматулла отыратын үй-медресеге апарды, жайғасып отырып кеше пойызда сатып алған “Жас Қазақ” газетін оқып отырғанмын, сол жердегі кісілердің өтіп бара жатып газет бетіндегі суретке үңіліп:”Мына кісі генерал Бақытжан Ертаев қой, бұл керемет кісі ғой, батыр ғой деді. Мен оған: “Ертаев ауған соғысының ардагері, Кеңес Одағы әскерге жарамды адамдарды еріксіз түрде соғыс алаңына апарып тастады, шайқасса шайқасқан шығар, бірақ ол Қазақстан үшін соғысқан жоқ қой, Ауғанстан біздің елге шабуыл жасаған жоқ, оның несі батыр?”-дедім, әлгі кісі мандытып жауап бермеді.
Сөйтсем Ертаев осы шілханаға өз бауырын қырықкүндікке әкеліп тастаған екен.

Бір уақытта жаныма бұрын көрмеген, менен 7-10 жас үлкендігі бар жігіт келіп отырды, өзінің есімін айтты, Исматулланың ұлымын деді, есімі Ш әрпінен басталатын, қазақы есім болмаған соң ұмытып қалдым.

“Абзал сені бізге Абылай ағаң аманаттап жіберген, сен мында қырықкүндік шілхана деген бар, соған жатып шығасың”-деді.

Төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды, Абылай ағам мені шығарып салып тұрып бұл туралы айтпаған еді, қатты ашуландым.

Атам ауылда имам еді, ол кісінің айтқан сөзі есімде, Атам: “Адам баласын дінге, намазға ақша беріп немесе күшке салып әкелуге болмайды, әр адам өз еркімен келуі тиіс”-деген еді.
Мен қанша ашулансамда сыр білдірмеу керек деп шештім, сөйтіп қулыққа көштім.
Өйткені қиқарлыққа салсам мыналар күштесе бұл жерден шыға алмайтыным анық еді.
“Жақсы, келістік, бірақ мен тез барып ҚазҰУ-не барып құжаттарымды әкелейін, сосын орналасайын”- дедім жайбарақат.

Жоқ Абзал, сен қырық күн жатып, сауат ашып шық, одан кейін баратын жағыңа бара бересің”-деді Исматулланың баласы.

“Жоқ, мен тез барып келе қояйын, өйткені тамыздың соңына дейін алып кет деген”-деп еді, мен алып келіп спокойно жатайын сосын: сіз маған 50 теңге бере тұрыңыз”-дедім, ол кезде қоғамдық көлікте жол ақысы 50 теңге тұратын еді.

Жарайды, күтемін сені,Абылай ағаңнан сөз естіп қалмайық деді де 50 теңге берді, тиынды алдым да рас па өтіпрік пе деп құстай ұшып аялдамаға тарттым.

Автобусқа отырып вокзал жақта тұратын әкемнің інісінің үйіне тарттым, егер Дариябайдың үйіне барсам ол Абылайға немесе Исматулланың басқа адамдарына ұстап беруі мүмкін деген қорқыныш болды.

Сансызбай ағам діннен алыс, ішіп-шегіп жүрген, Исматуллашылардан алыс адам болған соң сол кісіге бардым. Шала мас Сансызбай ағам мені көріп қуанып кетті, болған жағдайларды айтып бердім, сөйттім де бұл қаладан кетемін, Сатпаев қаласында тұратын әкемнің қарындасы Шолпан апама барамын дедім, Сансызбай ағам бұл ойымды құптады.

Таксофоннан Шолпан апама қоңырау шалып басымдағы жағдайды айтып бердім, сізге барсам бола ма дедім, Шолпан апам қуанышты дауыспен: “Конечно”-деді, сонымен Қазпочта арқылы билет алатын ақша салып жіберетін болды, мен ақша келгенше ҚазҰУ-дегі құжаттарымды алып кетуге бардым, барсам сол баяғы менің құжатымды қабылдаған екі қыз отыр екен, мен құжаттарымды сұрағанымды фамиляң кім деді, Достияров деп едім, ойбууууу деп жылап жібере жаздады, біз сенің пропуск алмағаныңды білеміз, бірақ емтихан болатын күні біз сені күттік, мүмкін кешігіп келетін шығар деп есік алдында тұрдық, емтиханды сені күтіп 15 минут кеш бастадық, 50 балл жинасаң түсіп тұр едің ғой, өстіп жүректі ауыртасыңдар ғой”-қатты налыды, оны естіп менің ішім қан жылады, өзегім өртенді.

Құжаттарымды алып Сансызбай ағамның үйіне келдім, келесі күні Қазпочтаға барып Шолпан апам салған ақшаны алдым, вокзалға кіріп сол күні кешке жүретін пойызға билет алдым.
Сансызбай ағаммен қоштасып Жезқазғанға жол тарттым.

Жезқазған вокзалынан түсіп белінде “Қазақмыс” деген жазуы бар, Жезқазған мен Сәтбаев қаласының арасына жүретін 103-ші автобусқа отырып Шолпан апамның үйіне тарттым.
Екі күн бойы апама екі айда Алматыда басымнан кешкен жайды әдемілеп тұрып айтып бердім.
Үшінші күні Алматыдан Абылай ағам үй телефонына қоңырау шалып маған ренжіп әңгіме айта бастады, “Қырық күн жатсаң өліп қалатын ба едің?”-деп бастағанда телефонды Шолпан апам алып оның өзіне қатты-қатты айтып тастады.

Оған дейін Шолпан апам да, Атам да, басқа туыстар да Абылай ағамның ұстанған бағытын қолдамайтын. Абылай ағам әр кез ауылға келген сайын тосырқай қарайтын, бәріміз оны “Уахабит” деп ойлайтынбыз, сөйтсек уахабит дегендер басқалар екен ғой.

Бірнеше жылдан кейін Сатыбалды бастаған,Тілеухан қоштаған уахабтар жеңіске жетіп Исматулла бастаған сопылар қуғынға ұшырады. Осы арада айта кету керек, “Хабар” арнасында зікіршілерді әшкерелеп  көрсетілген “Ақиқат” фильмін Сатыбалдылардың ықпалындағы Мұрат Есжан түсірді. Мұрат бірер жыл бұрын жақсы танылған “Оян, Қазақ” фильмін түсірген режиссер, ол фильм жақсы түсірілгенімен діни элементтер көп көрініс тапқан, шын мәнінде алаш көсемдері дәл ондай діншіл болмаған.

Бастапқы әңгімеге оралайын. Нұртөре Жүсіп ағаммен 2005-ші жылы соңғы рет телефон арқылы сөйлестім, ол Рысбек Сәрсенбайдың орнын ұялмастан басқан соң жиіркеніп кеттім.
“Егемен Қазақстан” газетінің вице-президенті болып тұрған Рысбек Сәрсенбайды қызметтен алып тастап, ол қызметтің атауын бас директор деп ауыстырды да ол орынға, сол кабинетке Нұртөрені алып келді билік, Нұртөре сонда:”Жоқ, бұлай дұрыс емес, менің курстас досым Алтынбектің ағасын бұлай қызметтен тайдырғанда мен ол орынға бара алмаймын”-деп айтпады. Одан кейін ол “Астана хабары”, “Айқын”-деген газеттерді басқарды, екі рет сенатор болды, бітірген түгі жоқ, інілерін жайлы орынға жайғастырғаннан аса алмаған біреу ғана.

Сонымен өмірімнің он алты жылы Орталық Қазақстанда өтті.
Сәтбаев, Жезқазған, Қарағандының Майқұдығында, Астанада тұрып, үйленіп, Алматыға 33 жасымда, ешкім ештеңеге күштей алмайтын уақытта ғана оралдым.

Астананың атауы Нұрсұлтан болған 2019-шы жылы ел “Қала күнін” тойлап жатқанда мен жүктерімді көлігіме тиеп Алматыға жол тартып едім.

Араға 21 жыл салып Исматулламен Талдықорғанда кездестім. Абылай ағам келін түсіріп Анам інілерім мен қарындастарым бәріміз бірге бардық, дастарханда отырғанда Исматулла бастаған бір топ адам келді, бөлмеге кіре берісте тұрып: “Ойбай мыналар дастарханда түк қалдырмапты ғой”-деп саңқ ете қалды, қалжыңдаған түрі екен, Исматулланы қанша естісе де бірінші рет көрген анам: “Мына шал біртүрлі екен ғой”-деді, інім Дәурен екеуіміз күлдік.

Сосын елмен бірге қол беріп амандастық. Біраз уақыттан соң Исматулла өз адамдарынан мына бала кім деп сұрады. Ұмытып қалғанын түсіндім. Абылай ағам: “Менің інім ғой”-деді.

Исматулла: “Ааа мен бұл жігітті телебізерден көремін деді, ішімнен: “Ютуб көретін болып тұр ғой дедім.

Арада бір-екі минуттай өткен соң Исматулла мен жаққа қарап: “Шықпай кеттің ғой соңғы кезде, қорқып қалдың ба не?”-деп кекесінмен сұрады. Жоқ, неден қорқамын, бүгін ғана билікті сынаған эфир салдым”-дедім зығырданып қайнап.

Арада 5-7 минуттай өтті-ау, бәрі тамақ жеп сөйлесіп отыр, Исматулла әлі де мен жаққа қарағыштап отырғанын байқадым. Сөйлегенде маған да тиіседі екенсің, тиісе бер”-деп бажырайып қарады.

Оған дейін гүленші, уахабшы, сүлейменшілер жайлы, жалпы әртүрлі ағымдардың қаупі туралы жазып жүргенімді қарайды екен ғой”-деп ойладым, әйтпесе Исматулланың өзі туралы ештеңе жазып айтпаған едім.

Біраз уақыт өткен соң Исматулла тағы да мен жаққа қарап: “Ертең мені көрдім, анау-мынау”-деп жазатын шығарсың деп мысқылдай сөйледі, “Нені жазуым керек, түсінбедім?”-деп қабағымды түйіп қарадым, “И мынау маған ашулы ғой, ашулы ғой, маған жаман қарап отыр”-деп орнынан қозғалақтап қойды.

Жанындағы аяғын уқалап, қолтығынан демеп жүргендердің барлығы менің қоғамдық-саяси ісімнен, мінезімнен хабары бар еді, сол себеп болды ма ешқайсысы Исматулланың сөзіне селт етпеді, маған ештеңе демеді, үнсіз отыра берді. Тек біреуі ғана барлығымыз орнымыздан тұрып беташарға далаға шыққан кезде жеке өзіме таянып: “Абзал не болды, неге тақсырға қатты сөйлеп, жаман қарадың, ол кісі ыңғайсызданып қалды ғой?”-деді ақырын ғана, “Енді өзі ғой қайта-қайта тиіскен”-деп жауап бердім мен.

Құрметті достар!
Бұл менің 2003-ші жылы жаз мезгілінде, Алматыда өткен екі айдағы өмірім еді, елге танымал кісілермен өткізген уақытты әлемжелідегі достарыма ұсынғанды жөн көрдім.

Кейбіреулер ойлап жүргендей әлдекімдермен келісіп зікіршілерді қаралау емес, Исматулланы айыптап жазба жазып, одан соң сұқбат беріп жүрген  Сисенов деген кісіні де, оған қосылып сынап сөйлеген дінтанушы Досай Кенжетайды да, оларды сөйлеткен Дәурен Дариябек деген журналисті де жеке танымайды екенмін, өмірде көрмек тұрмақ, телефон арқылы да тілдескен емеспін.

Кешеге дейін Исматулланы көзсіз қолдап келгендердің бірі сол Досай Кенжетай еді, алдыңғысын айтпағанда 2020-шы жылы Исматулла түрмеден босап келгенде дәл осы Досай Кенжетай көлдей жазба жазып көкке көтерген, бірақ соңғы 3-4 жылда өзгерді, сопыларды сынап жүр, бірақ ол кісінің сынында салиқалылықтан гөрі жеке көрушілік басым түсіп жатады, бір тіс қайрауы бар кісідей көрінеді.

Менің ешкімге ренішім жоқ, ризашылығым да жоқ, мен ешкімнің алдында қарыздар да емеспін, бірде бір туысым немесе басқа да бір адам “Абзал маған қарыздар, мен оған өйткенмін, бүйткенмін-деп айта алмайды, жеке өмірде де, қоғамдық-саяси жолда да өз жүгімді өзім тартып келемін.

2017-ші жылы астымдағы жақсы көлігімді сатып бір бөлігіне үйлендім, жөн-жоралғысын жасадым, қалған бөлігіне арзан көлік алдым.
Мен тек мені өмірге әкелген әке-шешеме және қиындықта қол ұшын созар туған бауырларыма ғана алғыс айтамын.
Одан бөлек еліміздің түкпір-түкпірінде тілеуімді тілеп отырған қарапайым оқырман, көрермен кісілерге алғыс айтқым келеді.

Журфакқа түсе алмадым деген еш өкініш жоқ, өйткені соңғы үш жылдың өзінде сол журфакты бітірген жүздеген журналист айтпай жүрген, айта алмай жүрген шындықты айтып, жазып жүрмін.

Қойшыбек Мүбарак, Асылхан Мамашұлы, Есдәулет Қызырбекұлы сияқты мықты журналист, жанашыр жандармен бірге жүрмін, ақыл-кеңестерін, сын-ескертпелерін тыңдап, нәтиже шығарып, дұрыс бағытты ұстанып келемін.

Кезінде эфирден көрген, сондай болсам екен деген ардагер журналистер де, қазір эфирде жүрген журналистер де көрген жерде өздері жақындап амандасады, сыйлайтынын айтады, өздері биліктен пәтер алып, жауырды жаба тоқып, марапат алып жүрсе де жаман көлікпен кісі тасып, пәтер жалдап жүрген маған қызығушылықпен қарайтынын байқаймын, демек дұрыс жолдамын, өйткені мен еркінмін, ал бұл- үлкен бақыт.

Бұл жазбаны жазғандағы мақсатым-қазақтың жастары адаспаса екен, әсіре діншіл болмаса деген тілек. Жоғарыда аты аталған, аталмаған қаншама мықты жігіттердің өмірлері ағымға еріп, жамағаттарының қақпайлауымен өтіп жатыр.
Санасын дінмен тұмшалап алып далбасалап жүрген қарапайым қаракөздерді былай қойғанда қаншама білімді, талантты қазақ жігіттерінің алтын уақыттары әлдекімдерді пір тұтып, далақтаумен өтіп жатқаны жанға батады.
Егер солар дербес жүрсе талай дүниені бұзып-жарып өтер еді, үлкен іс жасайтын еді.
Мысалы өз алдына еңбек етіп жүрген Санжар Керімбайдың қазіргі жасап жатқан дүниелері қандай!

“Білім, ғылым бар жұрттар тастан сарай салғызды, айшылық, алыс жерлерден жылдам хабар алғызды”-деп Алтынсарин айтқандай, қазақ өрендері білімге ұмтылуы тиіс!", - деп жазды Абзал Достияр.

Қоғам белсендісінің алдыңғы жазбаларын мына сілтемеге кіріп оқи аласыздар. 

Барлық жаңалықтар