Педагогтар министр Сүлейменованы қорғап, "педагогтар қауымдастығына" үдере қарсы шықты

Педагогтар министр Сүлейменованы қорғап, "педагогтар қауымдастығына" үдере қарсы шықты

Ардагер ұстаз Нұргүл Әбілдина Президентке «педагогтар қауымдастығының атынан» ашық үндеу жариялап, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қызметінен босату мәселесін қарауды сұрады. Алайда үндеу жариялана салысымен әлеуметтік желіде күтпеген жағдай болды: пікір қалдырғандардың едәуір бөлігі министрді емес, үндеудің өзін сынауға көшті, деп жазады Democrat.kz.

Нұргүл Әбілдина өз жазбасында Оқу-ағарту министрлігінің кадр саясатына, кейінгі өзгерістерге, білім беру бағдарламалары мен оқулықтарға қатысты бірқатар мәселе көтерген.

Оның айтуынша, министрлікке жаңа басшылық келгеннен кейін ведомствоның өзінде және оған қарасты ұйымдарда басшылар жиі ауысқан. Мұны ол қалыпты ротациядан гөрі кадр саясатындағы жүйесіздікке жақын құбылыс деп бағалайды.

Ардагер ұстаз білім беру бағдарламалары мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының қайта өзгертілуін де сынға алған. Оның пайымдауынша, мемлекет бұған дейін әзірленген құжаттарды қайта қарап, жаңа оқулықтар сатып алатын болса, бұрын жұмсалған қаражаттың тиімділігі жөнінде сұрақ туындайды.

Сөзінің соңында Нұргүл Әбілдина:

«Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованы қызметтен босату мәселесін қарауды сұраймыз», – деп Президентке өтініш білдірген.

Бірақ дәл осы жерде үндеудің ең осал тұсы көрінді.

«Педагогтар қауымдастығы дегеніңіз нақты кімдер?»

Жазбаның астындағы пікірлерде пайдаланушылардың қайта-қайта қойған бір сұрағы бар: бұл үндеу нақты қай педагогтардың атынан жазылды?

Сұлтан Қапашов:

«Педагогтар қауымдастығы, ардагерлер атынан деп жазып жатқан кімдер сонда?» – деп сұраған.

Нұрсейіт Оразақынұлы да:

«Педагогтар қауымдастығы дегеніңіз нақты кімдер сонда?» – деп жазды.

Қыздаркүл Күнқозы болса, егер үндеу көпшіліктің атынан жасалса, оған кімдердің қосылғаны ашық көрсетілуі керек деген пікір білдірген.

Бұл сұрақтар кездейсоқ емес. Өйткені «педагогтар қауымдастығы атынан» деген сөз үлкен қоғамдық салмақ береді. Алайда жарияланған мәтіннен бұл ұстанымды нақты қанша мұғалімнің, қандай ұйымдардың немесе қай өңір педагогтарының қолдағаны анық көрінбейді.

Демек, үндеудің саяси салмағын арттыруға тиіс «қауымдастық атынан» деген тіркестің өзі пікірталастың басты нысанына айналған.

«Тұп-тура домалақ арыз»

Кейбір желі қолданушылары бұдан да қатты кеткен.

Дархан Иманқұлов үндеуді:

«Тұп-тура домалақ арыз», – деп бағалаған.

Мәлике Төксейітова да:

«Мынау домалақ арыз сияқты ғой. Педагогтар қауымдастық деген ұйым бар ма өзі?» – деп күмән келтірген.

Ал Қанайым Қазанқапова Нұргүл Әбілдинаның министрге қарсы жазбалары тым жиілеп кеткенін меңзеп:

«Қауымдастығының атынан үндемей отырып шаршамай жазасың да отырасың... Қанша адам сізге қарсы пікір жазып отыр, ол тегін емес қой», – деген.

Яғни әлеуметтік желідегі реакцияның бір бөлігі үндеудегі мәселелерді талқылаудан бұрын оның легитимдігіне, авторларының кім екеніне және неліктен дәл қазір мұндай талап қойылғанына ауысып кеткен.

«Бір жылда отыз жылдық былықты тазалау мүмкін емес»

Пікір қалдырғандардың біразы Жұлдыз Сүлейменованың министр қызметіне келгеніне көп уақыт өтпегенін алға тартқан.

Жамбыл Дінбай:

«Бұрыннан былыққа батқан саланы бір жылдың ішінде тазалап жолға қою мүмкін емес», – деген пікір білдірген.

Айтжан Настаева да министрдің қызметке келгеніне бір жыл ғана болғанын айтып, білім саласындағы бұрыннан қордаланған мәселелердің барлығын бір адамның мойнына артуға болмайтынын жазған.

Ұлжалғас Есназарова бұдан бұрын бірнеше министр ауысқанын еске салып, бүгінгі барлық проблеманы қазіргі министрден талап етуді қисынсыз санайды.

Оның пікірінше, егер білім саласындағы бұрынғы реформаларға орасан қаражат кеткен болса, алдымен сол шешімдерді қабылдаған адамдардың жауапкершілігін де зерттеу керек.

Бұл уәждің жаны бар.

Қазақстандағы оқулық сапасы, білім бағдарламасының тұрақсыздығы, есептілік, реформалардың жиі өзгеруі секілді мәселелер Жұлдыз Сүлейменова министр болған күні пайда болған жоқ. Олардың бірқатары ондаған жыл бойы қордаланып келген жүйелік проблемалар.

Сондықтан оларды бір басшыға түгел телу – саяси тұрғыдан әсерлі болғанымен, талдамалық тұрғыдан әлсіз тәсіл.

«Жала жабуды қою керек»

Жазба астындағы пікірлерде министрге ашық қолдау білдіргендер де аз емес.

Уаутбек Бекмұратұлы:

«Жұлдыз Сүлейменоваға жала жабуды қою керек. Жұмысына кедергі болмаңыздар», – деп жазған.

Аспендияр Төрехан:

«Мына жазбадан министр ханымға жала жауып, тырнақ астынан кір іздеп тұрған сияқты. Министрдің жұмыс істеуіне кедергі болмаңыздар», – деген.

Жанат Байқожаева министрді «білімді, мәдениетті, қарапайым, ана тілін жақсы білетін адам» деп сипаттап, оның жұмысына қолдау білдірген.

Басқа пікірлерде де «аяқтан шалмай, жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек», «жақсы бастамалар жасап жатыр», «жұмыс істейтін адамды неге тыныш қоймайсыңдар?» деген сарындағы сөздер кездеседі.

Үндеудің ең үлкен әлсіздігі неде?

Нұргүл Әбілдинаның жазбасында маңызды сұрақтар бар. Кадр тұрақсыздығы, бағдарламалардың жиі өзгеруі, оқулыққа жұмсалған қаржының тиімділігі – бұлардың әрқайсысы жеке зерттеуді қажет ететін мәселе.

Бірақ ашық үндеудің салмағын әлсіретіп тұрған бірнеше жайт байқалады.

Біріншіден, «педагогтар қауымдастығының атынан» дегенімен, оның артында нақты кімдер тұрғаны түсініксіз.

Екіншіден, министрді қызметінен босатуды талап етуге негіз болған проблемалардың қайсысы дәл Жұлдыз Сүлейменованың шешімінен туғаны, қайсысы бұрыннан келе жатқан жүйелік мәселе екені нақты ажыратылмаған.

Үшіншіден, үндеудің астындағы мұғалімдердің өздері бұл бастаманы жаппай қолдаудың орнына, автордан «кімнің атынан сөйлеп отырсыз?» деп сұрап жатыр.

Осыдан кейін бір қызық жағдай қалыптасады: педагогтардың атынан жазылған делінген үндеудің астында педагогтардың өздері сол үндеуге қарсы уәж айтуда.

Бұл – кез келген ашық хат үшін өте маңызды белгі.

Өйткені Үкімет мүшесін қызметтен кетіру туралы талаптың күшін қатқыл сөз емес, нақты факті, дәлел және талаптың артында тұрған адамдардың ашық позициясы арттырады.

Ал дәл қазір әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, Нұргүл Әбілдинаның ашық үндеуі Жұлдыз Сүлейменованың қызметінен гөрі «Бұл үндеуге кім мандат берді?» деген жаңа сұрақты көбірек туғызып отырған тәрізді.

Бұл, әрине, әлеуметтік желідегі пікірлер бүкіл педагог қауымының ортақ көзқарасын білдіреді деген сөз емес. Бірақ «педагогтар қауымдастығының атынан» жасалған мәлімдеменің өз аудиториясынан осыншалық күмән тудыруы – үндеудің қоғамдық салмағын айтарлықтай әлсірететін фактор. 

Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ. 

Барлық жаңалықтар