Әлеуметтік желіде бастауыш сынып оқушысына арналған оқу құралдарының көлемін көрсеткен видео тарады. Кадрларда «Қазақ тілі» мен «Математика» пәндеріне арналған қалың бума қағаздар мен кітапшалар көрсетілген, деп жазады Democrat.kz.
Кадрдан 4-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» және «Математика» пәндерінің материалдары көрінеді. Қағаздар жеке-жеке басылып шығарылып, кейін кітап секілді жинақталып жатыр.
Видео авторы жағдайды «Жан айқай!» деп сипаттап, әлі шықпаған кітаптардың бар екенін меңзеген.
Бұл жағдай оқулықтардың мектептерге дер кезінде жеткізілуі мәселесін қайта көтерді. Егер мұндай материалдар оқушыға негізгі оқу құралы ретінде қажет болса, оларды мұғалімдердің немесе ата-аналардың өз күшімен басып, қолдан түптеуіне не себеп болғаны түсініксіз.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне де сұрақ туындайды: бұл ресми оқулықтардың орнына пайдаланылып отырған материалдар ма, әлде уақытша оқу құралдары ма? Оларды басып шығару мен түптеуге кеткен шығынды кім көтереді?
Оқулық дайындау мен басып шығаруға бюджеттен қаржы бөлінетінін ескерсек, мұғалімдердің кітапты қолдан жасап отыруы білім жүйесіндегі ұйымдастыру мәселесіне назар аудартады.