Белсенді ұстаз министр Жұлдыз Сүлейменоваға ұсыныс жасады

Белсенді ұстаз министр Жұлдыз Сүлейменоваға ұсыныс жасады
Белсенді ұстаз Жанаргүл Сағынбайқызы Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сұлейменоваға ұсыныс жасады деп жазады Democrat.kz.
 
"Бүгінгі күні мектептерде оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың негізгі міндеті – оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету, оқу сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды үйлестіру екені белгілі.
 
Алайда соңғы жылдары мектептерде бухгалтерияға немесе кадр бөліміне тиесілі 1С бағдарламасымен жұмыс жүргізуді оқу ісі жөніндегі орынбасарларға міндеттеу жиілеп отыр.
 
Бұл жағдай бірнеше мәселені тудырады:
• Біріншіден, лауазымдық нұсқаулыққа кірмейтін қосымша жұмыс оқу ісі жөніндегі орынбасардың тікелей қызметіне кедергі келтіреді;
• Екіншіден, педагогикалық кадрлардың кәсіби дамуына, әдістемелік жұмысқа уақыт бөлу мүмкіндігін шектейді;
• Үшіншіден, еңбек заңнамасына қайшы – қосымша жұмыс тек келісіммен, қосымша ақы төленген жағдайда ғана жүктелуі тиіс.
 
Ұстаздар қауымының басты арманы – артық есеп-қисаптан босап, бар уақытын білім сапасын арттыруға, балалардың болашағына жұмсау.
 
Сізден өтінеріміз:
Оқу ісі жөніндегі орынбасарларға бухгалтерлік және техникалық бағдарламаларға қатысты міндет жүктеуді тоқтату;
 
Әр қызметкердің өз міндетін атқаруына жағдай жасау;
Мектеп әкімшілігінің жұмысын жеңілдететін, қағазбастылықты азайтатын нақты шешімдер қабылдау.
 
Бұл мәселені шешу – тек директор орынбасарлары үшін ғана емес, жалпы білім сапасын арттыруға жасалған маңызды қадам болмақ"деп жазды атыраулық мұғалімдер атынан Жанаргүл Сағынбайқызы.
Барлық жаңалықтар