"Білім сапасы төмен аймақ": Министр Жұлдыз Сүлейменова арнайы жиын өткізді

"Білім сапасы төмен аймақ": Министр Жұлдыз Сүлейменова арнайы жиын өткізді

Кей аймақтардағы мектептердің білім сапасы Оқу-ағарту министрлігінде арнайы талқыланды. Министр Жұлдыз Сүлейменова Түркістан облыстық Білім басқармасы басшылығымен кездесіп, оқу нәтижесі төмен мектептерге қолдау көрсету, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оқушылардың білім көрсеткішін жақсарту мәселелерін қарастырды, деп жазады Democrat.kz.

Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов және Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова қатысты.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясында Түркістан облысындағы білім сапасына ерекше тоқталып, министрлік пен әкімдік бірлесіп жұмыс істеуге тиіс екенін айтқаны еске салынды.
Осыған байланысты облыстық білім басқармасы аймақтағы мектептердің қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет ұсынды. Сонымен бірге білім сапасын қамтамасыз ету департаменті жүргізген бағалау нәтижелері қаралды.

Кездесуде негізгі назар оқу көрсеткіші төмен мектептерге аударылды. Мұндай білім ошақтарына жүйелі қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру және оқушылардың оқу нәтижесін жақсарту жолдары талқыланды.

Жиын қорытындысында Оқу-ағарту министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігі анықталған мәселелер бойынша бірлескен жұмысты күшейтуге келісті. Білім сапасын көтеруге бағытталған нақты шаралар өңірдегі білім сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспарға енгізілмек.

Барлық жаңалықтар