Қоғам белсендісі, экономист Сәбит Рысбаевтың ақын, жазушылардың қазіргі қоғамдағы орны туралы жазған жазбасы қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
"Ақын жазушылар ұлттың қаймақтары деп ерекшелеуді қою керек. Әр мамандықтың өзіндік қиындығы бар. Дәрігерлер 9 жыл оқиды. Күнімен түнімен жұмыс жасайды. Қаншама операцияға кіреді.
Қаншама адамның өмірін сақтайды. Қанша адамды жаңадан өмірге әкеледі. Олардың ақындардан қай жері кем? Керек болса артық. Шетелге барса жұлып алады. Біздің ақындар осы елден басқа еш жерге жарамайды. Америкаға барса убермен такси болар ары кетсе.
Мұнайшылардың жұмысы оңай емес. Бюджетке ақша негізінен солар арқылы келеді. Сол бюджеттің ақшасына кей ақындар адам оқымайтын кітаптарын шығартып, кітапхананы толтырып қойды. Мұнайшылардың ақындардан қай жері кем? Шахтерлердің өмірі қысқа. Шахтада жұмыс жасау оңай емес. Олардың қай жері кем? Неге олар ұлттың астында жату керек?
Қарапайым кәсіпкерлерді алайықшы. Күн түн демей жұмыс жасайды. Қаншама адамға айлық береді. Бюджетке салық төлейді. Қаншама адамның отбасын асырауға себепкер болады.
Ақшаларын тәуекел етеді. Жұмыстары оңай емес. Олар неге ұлттың қаймағы емес. Кәсіпкер дегенде тендерді еміп жатқандарды айтпаймын. Шынымен кәсіпте жүрген адамдарды айтамын.
Біздің болашағамыз ақын мен жазушыларға қарап қалған жоқ. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Құдай оларға ерекше талант берді деп табынатын заман емес.
Ешкім оқымайтын қажетсіз кітаптарын бюджетке тығуды қойып, Меломанға сатсын. Адамдар іздеп оқысын. Солай мойындатсын. Оларды әсірелеу дұрыс емес. Басқаларды ренжітіп аламыз", деп
жазды Сәбит Рысбаев.
Қоғам белсендісінің бұл жазбасын қолдап жатқан кісілер өте көп.